Еңбек күні – Тәлімгерлер слеті
27.09.2026
Бүгін, Еңбек күніне орай, XVI Тәлімгерлер слеті өтті. Жиында өз тәжірибесін кәсіби жолын енді бастап келе жатқан жас мамандармен бөлісіп, оларға бағыт-бағдар беріп жүрген тәлімгерлерге құрмет көрсетілді.
Әрбір тәлімгер қошеметпен қарсы алынып, жас мамандарға арналған ақ тілектерін тілектер тақтасына жазып қалдырды.
Еңбегі еленіп, кәсіпорнымыздың мақтанышына айналған әріптестеріміз бен ардагерлеріміз – Жанат Жұмабеков, Геннадий Матросов, Ирина Пушкина, Любовь Шарипова, Қаңлыбай Үмбеталиев, Жарас Төлеуов, Елена Казанцева және Валерий Михадюк – «Ардагер тәлімгер» аталымының иегері атанды.
Сонымен қатар бірқатар қызметкеріміз «Жұмысшы мамандығын насихаттау», «Үздік оқытушылар, кеңесшілер» және «Өндірістік қауіпсіздік» аталымдары бойынша марапаттарға ие болды.
Ал жас мамандарға тәлім беріп, олардың кәсіби қалыптасуына ықпал етіп, өндірістің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген Александр Таранников, Данияр Нұров, Зауре Төлеубаева, Радик Хасанов, Баянбек Аруан, Николай Бармин, Андрей Князев, Дәурен Мусин, Денис Зверев және Сергей Рагозин «Серіктестіктің үздік тәлімгері» атанды.
Осы күні Еңбек күніне орай қатысушыларға құттықтаулар көптеп айтылды. Мерекелік бағдарлама ақ дастархан басында жалғасып, баршаға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кеш барысында қызметкерлеріміздің бүлдіршіндері тәлімгерлерге арнап өлең оқып, «Джуманджи» хореографиялық ұжымы өз билерімен мерекенің сәнін келтірді. Сонымен қатар өнерлі әріптестеріміз Дархан Төлеубаев пен Мөлдір Набиоленованың орындауындағы әндер мерекелік көңіл-күйді одан әрі арттыра түсті.
XVI Тәлімгерлер слеті – кейінгі буынға өнегелі жол көрсетіп, мол тәжірибесін аманат етіп жүрген ардақты жандардың еңбегіне көрсетілген шынайы құрмет пен алғыстың жарқын көрінісі болды.

















































