Жұмыс диалогы
24.09.2026
Жылдың басында «Богатырь Көмір» ЖШС-нің бас директоры Евгений Мастернак құрылымдық бөлімшелер ұжымдарымен кездесіп, көтерілген мәселелер бойынша нақты нәтижелермен бірнеше айдан кейін қайта кездесіп, ашық әңгімелесуге уәде берген еді. Бүгін сол уәдеге сай кездесулер басталды және оның алғашқысы «Богатырь» кеніші ұжымымен өтті.
Қыстағы кездесуден соң бақылауға алынған 11 мәселенің 10-ы бойынша тиісті шешімдер қабылданып, жұмыстар атқарылған. Қалған бір мәселе – компания қызметкерлеріне арналған тұрғын үй салу мәселесі қазіргі уақытта қарастырылуда.
Өндірістік жұмыстарға тоқталған бас директор қауіпсіздік басты басымдық екенін атап өтіп, ағымдағы жылы аршу жұмыстарын қарқындату және ТТК-мен 26,3 млн тонна көмір жөнелту жоспарланғанын айтты, ал түпкі міндет – өндірістік қуаттылыққа шығу екенін жеткізді. Кездесу барысында кәсіпорынның өз тарапынан барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындап келе жатқаны айтылды. Биыл «Қарлығаш» балалар лагерінің екі корпусы күрделі жөндеуден өтті, ал тағы бір корпусын келесі жылы жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар «Березка» демалыс үйінде де бірқатар өзгерістер күтілуде.
Жеке құрам және әлеуметтік саясат жөніндегі директор Динара Абдикаримова қызметкерлерге 300 млн теңгеден астам сомаға 156 пайызсыз ссуда берілгенін, 30 қызметкердің тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін «Отбасы банктен» жалпы сомасы 400 млн теңге көлемінде тұрғын үй қарызын алғанын атап өтті. Биыл «Мектепке жол» акциясы аясында көпбалалы қызметкерлердің балаларына 600 мектеп жиынтығы табысталды.
Кездесу тікелей диалог форматында өтті. Қызметкерлер жалақы, қосалқы бөлшектердің сапасы, техниканы жаңарту және еңбек жағдайларына қатысты мәселелерді көтерді.
Евгений Мастернак кеншілердің сұрақтарына жауап беріп, мұндай кездесулердің алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Жыл басында басталған диалог жалғасуда. Мұндағы бастысы – көтерілген мәселелерге қайта оралып қана қоймай, олардың нәтижесіне де назар аудару.


























