Болашағы зор мамандық

10.09.2026

Бүгінде көмір өнеркәсібінің даму перспективалары мен «Богатырь Көмір» ЖШС-інде жұмыс істеудің артықшылықтары туралы Қаныш Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институты колледжінің студенттеріне Серік Зүкенұлы Саттаров айтып берді.  Кезінде өзі де осы институтта білім алған Серік Зүкенұлы еңбек жолын экскаваторшы көмекшісі болып бастап, бүгінде Қазақстандағы ең ірі «Богатырь» көмір кенішінің директорына дейін көтерілді.
«Богатырь Көмір» ЖШС өңірдегі кәсіпорынға қажетті мамандықтар бойынша кадр даярлайтын оқу орындарымен тұрақты түрде ынтымақтастық орнатып келеді.


– Өткен жылы «Богатырь Көмір» ЖШС-нің атаулы шәкіртақысы бойынша бес студент білім алды. Ал өткен оқу жылын автомобиль саласы бойынша тәмамдаған 13 түлектің 9-ы «Богатырь Көмір» ЖШС-не жұмысқа орналасты. Төртінші курс студенттеріне оқуын жұмыспен қатар алып жүруге мүмкіндік беріледі. Бұл үшін ауысымдық жұмыс түрі қарастырылған, – деді ЕКИТИ директорының оқу-практикалық жұмыстары жөніндегі орынбасары Гүлнұр Жұматайқызы Жалиева.

Бұл күні Қазақстандағы ең ірі көмір компаниясының өкілімен өткен кездесуге болашақ теміржолшылар, автомеханиктер, сондай-ақ тасымалды ұйымдастыру, жылжымалы құрамды жөндеу және пайдалануға қатысты мамандықтарды меңгеріп жүрген студенттер қатысты.
Кездесу барысында жастар жұмыстағы маңызды әрі күрделі мәселелерге қатысты сұрақтарын қойып, Серік Зүкенұлынан жас мамандарға берер ең басты кеңесін де сұрады.

– Ең басты кеңесім – өз жұмысыңа адал әрі жауапкершілікпен қарау. Сонда еңбегің міндетті түрде еленіп, бұл өз кезегінде мансап жолында өсуіңе мүмкіндік береді, – деп қорытындылады Серік Саттаров.


Жаңалықтар тізіміне оралу