«Темір тұлпарды» бағындырушылар

17.07.2014

«Мамандығы бойынша ең үздік -2014» сайысы

 

«Богатырь» кенішіне көмір тасымалдайтын ауыр жүк самосвалы доңғалағының диаметрі ересек адамның орташа бойынан екі есе артық. Көмір өнеркәсібінің жолдарын тегістейтін Caterpillar 16М автогрейдерлерінің ұзындығы 12 метрге тең, ал забойлар мен жолдарды шаңнан тазартуға қатысатын су шашқыш машиналарға 32 текше метрге дейін көлемдегі су сияды. Мұндай алып көліктердің ірі габаритіне қарамастан, оларды жүргізушілер неше түрлі трюктер жасай алады. Оған кеншілер күні мерекесіне арнап өткізілген «Үздік маман -2014» сайысының көрермендері мен әділқазылар алқасы куә болды.

Жолға бөгет етіп қойылған бөшкелердің арасымен ұқыпты жүріп өту, тіреуіштерін аудармаған күйде грейдердің төрт метрлік соқасымен жолдағы стакандарды орнынан жылжыту, сондай-ақ «Богатырь» кеніші көмір кертпештерінің бірінде 50 метр қашықтықта орналасқан нысананы дәлдеу үшін су шашатын машинаның су атқыш аспабынан су атқылау - «темір тұлпарды» бағындырушыларға қиындық тудырмады. «Богатырь» кеніші технологиялық көлік басқармасының жүргізушілері автомобильдерді «ат құлағында ойнайтын» деңгейде меңгерген.

Сайыс алаңы көмір алыбының ортасынан орын алды. Өткен жұмада жаздың шіліңгір ыстығына қарамастан, сайысқа қатысушы 23 адам жинақылық пен табандылық танытты. Сондықтан, олар сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, теориялық білімдерінің жоғары екенін және сайыс тапсырмасының сұлбаларын жетік түсініп, іс жүзінде де үздік екендерін көрсете алды. Әділқазылар алқасы көрсетілген трюктерді бағалау барысында жүргізушілердің жылдамдығы мен ептілігін ғана емес, сондай-ақ олардың ауыр жүк тасымалдайтын самосвалды жүргізген кезде сақталатын қауіпсіздік техникасы ережелерінің талаптарын білуін және тапсырмаларды толық орындай алуын да ескерді.

Конкурсқа қатысушылардың арасында Николай Михнев және Виктор Мальцев секілді тәжірибелі қатысушылар мен өткен жылдардағы ішкі және халықаралық конкурстардың жүлдегерлері, сонымен қатар жаңадан бағын сынап келген Евгений Поляков пен Андрей Хасанов та бар. 23 жастағы ең жас қатысушы БелАЗ су шашатын машина жүргізушісі – Евгенийдің жұмыс өтілі бір жылдан кем болса да, басын тәуекелге тігуге бой ұрып ... 29 жасқа дейінгі қызметкерлерге арналған арнайы бекітілген номинацияда бірінші орынға ие болды.

Ірі габаритті техниканы шебер басқару жас жігіттің қанында бар екен. Оның әкесі Геннадий Поляков «Богатырь Көмір» автобазасының жүргізушісі.

- Жарысқа бірінші рет қатысып отырмын. Конкурстан алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Жарыс керемет ұйымдастырылған. Әзірге барлығы менің ойлағанымдай болмады. Әйтсе де, келесі конкурсқа міндетті түрде дайындалып, көздеген мақсатыма қол жеткізермін, - деді Евгений.

Тағы да бір жеңімпаз 29 жасқа толмаған, автогрейдерші Сергей Каштанов. Сергей, Евгений секілді әкесі «богатырьлік» автогрейдерші Николай Каштановтың жолын қуған. Кәсіпорындағы жұмысшылар әулетінің өкілі автогрейдерші Евгений Лаптев – автогрейдер машинисі Валерий Лаптевтің ұлы конкурста үшінші орынға ие болды. Ал конкурстың «алтынына» ие болған Виктор Мальцев өзінің орнын алмастыратын адамды тәрбиелеп өсірген. Оның ұлы технологиялық көлік басқармасында Caterpillar-785С ауыр жүкті самосвалының жүргізушісі болып қызмет атқарады.

Сондай-ақ, конкурста БелАЗ су шашатын машина жүргізушісі Юрий Зверев пен БелАЗ автосамосвалының жүргізушісі Виталий Кобыльченко көш бастады. «Caterpillar 777D автосамосвалдарының жүргізушілері» номинациясында Николай Михнев ең үздік атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге құрмет грамоталары, гүлшоқтары мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Жүлделі орындарға ие болған сайысқа қатысушыларға «Мамандығы бойынша ең үздік» жазуы бар дәстүрлі көгілдір лента тағылып, кәдесый мен естелік жалаушалар берілді. Өзге сайысқа қатысушылар да сыйлықсыз қалмады. Дәстүр бойынша оларға жұбату жүлделері табыс етілді.

 

Марина ПОНКРАТОВА

Суретттерді түсірген Юлия ВРУБЛЕВСКАЯ

Жаңалықтар тізіміне оралу