Баспасөз / Жарияланымдар

Енді соғыс болмасыншы …

06.05.2016

 

«Самұрық-Қазына» АҚ компанияларының тобы ынталандырған «Жеңіс» әлеуметтік-қайырымдылық жобасы аясында Ұлы Жеңіс күні қарсаңында біз кезіккен майдангерлер мен тылда болған әскери қызметкерлер ең әуелі осылай деп тілек білдірді. Бейбіт уақытта ардагерлер өз өмірін Екібастұздың көмір өнеркәсібі саласына арнап, ұзақ жылдар бойы қызмет етті. Сонымен, танысып қойыңыздар…

Александр Федорович Щетчиков 1924 жылы Мордовияда туды. Теміржол училищесін бітірді.

Майданға 18 жастағы бозбала кезінде аттанды. Радист әскери мамандығы мен сержант атағын Мәскеу маңындағы соғыста алды. Алғашқы әскери сынақтан зенитті-артиллериялық полкінің құрамында Орловск-Курск иінінде өтті. Киев қаласы үшін шайқасқа қатысып, Украина, Польша, Закарпатьені азат етті. 1945 жылдың мамыр айында Чехословакияда Прага қаласына жақын жерде соғысты аяқтады. Жеңіске дейін жеткен оның полкі – Әскери Қызыл Ту орденімен марапатталған дивизияның жалғыз полкі. Майдангердің төсі ерлігіне лайықты мынадай әскери наградаларға толы: «Ерлігі үшін», «Әскери еңбегі үшін», «Германиядағы жеңіс үшін» және басқадай көптеген медальдер. Соғыстан соң біздің батырымыз Қиыр шығыста жұмыс істеді. 1967 жылы Екібастұзға көшіп келіп, «Богатырь» кенішінде құрылыс жұмысын жүргізуші, мастер, шахта салу басқармасында шахта үңгілеуші болып еңбек етті...

Елена Николаевна Малыгина 1922 жылы Украинада дүниеге келді. Ол ерте жетім қалды. Донбасс зауыттарының бірінде жұмыс істеді.

Соғыс басталысымен кәсіпорын Уралға – Чкаловск облысының Орск қаласына көшірілді. Жұмыс болмады, ақша төленбеді. Адамдар шала құрсақ өмір сүрді. Сөйтіп, ол Курскідегі майданға аттанды. Партизандарға көмектесіп, жарақат алғандарды бағып-қақты. Оккупацияда өмірдің қиыншылықтарын бастан өткізді. Соғыстың соңына дейін Мәскеу облысындағы тоқыма фабрикасында еңбек етті. Тыл ардагері сол кезде жағдайдың ауыр болғанын еске алады. Екібастұзда 1949 жылдан бері тұрады. Сондықтан да, ол қала тарихын жақсы біледі. Ең әуелі ауруханада, сосын «Западный» кенішінде қызмет етіп, соннан зейнеткерлік демалысқа шықты. Өзіне көп көмек көрсеткен қазақтарға разы. Ол мерейтойлық марапаттармен марапатталған…

Хакім Жұматайұлы Досжанов – Баянауыл ауданының тумасы. Әкесін майданға алып кеткен соң, 11 жастағы бала туыстарымен бірге Екібастұзға қоныс аударды.

Ардагер неше түрлі жұмыстар істегенін еске алады: 12 жастан бастап сатушы, сосын – шыны зауытында және бақташы болып еңбек етті. Соғыс аяқталған соң Лебяжинск интернатында тұрып оқу оқыды. Жеңіс күні халықтың қалай шаттанғаны есінде. Майқайың орта мектебін үздік тамамдап, жоғары білім алды. Ең әуелі Қарағандыда қызмет етті. Сосын Екібастұзға қайтып келіп, «Екібастұзкөмір» бірлестігінде еңбек етті. 1986 жылы 55 жасында зейнетке шықты. Балаларын тәрбиелеп өсіріп, немерелерінің жетістіктеріне қуануда ...

Дәулет САҒЫНАЕВ.

Автордың түсірген суреті.

Барлық жарияланымдар