Самұрық-Энерго инвестормен энергосервистік шарт жасасты

09.01.2019

«Богатырь Көмір» ЖШС-ның көмір кеніштерінде жыл сайын 7,7 мың кВт.сағ. немесе   шамамен 107 млн. теңге үнемделеді  - «Самұрық-Энерго» мен қазақстандық «PROLUX LED» компаниясының арасында жасалған энергосервистік шарттан күтілетін экономикалық нәтиже, міне, осындай. Республиканың аса ірі электр энергетикалық холдингі үшін отандық инвестормен серіктестік орнату «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның» 59-қадамын орындау жөніндегі жұмыстың нәтижесі болып табылады. Бұл бағыт мойындалған халықаралық энергосервистік шарттар арқылы энергия үнемдеу саласына стратегиялық инвесторлар тартуды көздейтіні белгілі.  

Қол қойылған бұл құжат «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобындағы алғашқы энергосервистік шарт болып табылады. Оның жалпы сомасы  207,8 млн. теңгені құрайды. Жобаның мәні – «Богатырь Көмір» көмір өндіруші кәсіпорнының тау-кен ұңғымалары мен өндірістік алаңдарының жасанды жарық көздерінің көмегімен жарықтандырылуын қамтамасыз ету кезінде жұмсалатын энергияның неғұрлым үнемделуіне және тиімділігіне қол жеткізу. Шарт аясында қазір пайдаланылып жүрген 1,5 мыңнан астам өндірістік лампаларды жарық диодты лампаларға ауыстыру жоспарлануда.  

«Самұрық-Энерго» компаниясының «Өндірістік тиімділік» департаментінің өкілдері атап өткендей, шарттардың басқа нысандарымен салыстырғанда энергосервистік шарттың бірқатар  артықшылықтары бар. Бұл, бірінші кезекте, тапсырыс беруші тарапынан қаражат жұмсалмауы және энергия шығынын іс жүзінде үнемдеу есебінен инвестор шығысының өтелуі.  

Пилоттық жоба аясында энергосервистік шарттың тиімділігін анықтау мақсатында, сондай-ақ сілкініске  шыдамдылық, шаң-тозаң мен ылғалдан қорғалу деңгейін анықтау үшін «Богатырь Көмір» ЖШС-ның объектілерінде 8 жарық диодты шам орнатылып, цифрлы есептегішке қосылды, ал 1 жарық диодты шам роторлы экскаваторға орнатылды. Сынақ мерзіміне жасалған талдау электр энергиясын пайдалану 15 есе үнемделгенін көрсетті.  

Жұмыс орнының жақсы жарықтандырылуы еңбек өнімділігі артуының бірден-бір шарты болып табылады. Дұрыс таңдалған жасанды жарық көздерін пайдалану жоспарланған тау-кен жұмыстарын жүргізудің технологиялық процесін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, еңбек өнімділігін арттырады, жазатайым оқиғалардың және жабдықтың механикалық тұрғыда сынуының алдын алуға септігін тигізеді.  

«Самұрық-Энерго» АҚ – акцияларының 100%-ы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға тиесілі Қазақстандағы ең ірі электр энергетикалық холдинг. 2007 жылы құрылды. Қызметтің негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, бөліп-тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдингтің құрамына энергия және көмір өндіру кәсіпорындары, соның ішінде: «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «О.Д. Қантаев атындағы Мойнақ су электр станциясы» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және т.б. кіреді.   

 «Самұрық-Энерго» АҚ Үкіметпен байланыс және коммуникациялар офисі.