Әр ойын-шешуші

14.11.2026

«Футболды барлық балалар сияқты бала кезімнен ойнап келе жатырмын, бірақ мұндай голды алғаш рет соқтым», – деді турнирдің алғашқы голының авторы Бекжан Аймульдинов.

Автобазаның көлік жүргізушісі Бекжанның бұл добы ерекше әрі акробатикалық гол болды. Өйткені ол допқа талас кезінде құлағанына қарамастан, қақпаның дәл алдында етпетінен жатып, допты екі аяғының арасымен қысып, арқасынан асыра лақтырып қақпаға енгізді.

Ал шағын футбол турнирінің өзі «Богатырь Көмір» ЖШС-нің спорттық-сауықтыру кешенінде өтті. Оған сегіз команда қатысты. Олар: Техникалық қызмет, «Ударная» ЖҚД, Автобаза, №6 жол, Северный кешені, «Ударная» станциясы, ТЖЖК-ТЖЖЖД және Теміржол кешені.

Алғашқы ойындардағы қарсыластар жеребе тарту арқылы анықталды. Ереже бойынша жеңілген команда жарыспен қош айтысты. Кездесудің негізгі уақыты тең есеппен аяқталған жағдайда жеңімпаз пенальти сериясы арқылы анықталды. Сондықтан әрбір ойын финалдық кездесуден кем түспейтіндей тартысты өтті.

Қақпа жанынан миллиметр жерде ұшқан доптар, қақпаға тура бағытталған жойқын соққылар, қақпашылардың шебер сейвтері, сауатты комбинациялар мен айып соққылары – мұның бәрі кеншілеріміздің спорт алаңындағы шеберлігі мен жеңіске деген жігерін көрсетті.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

1-орын – «Ударная» ЖҚД

2-орын – Северный кешені

3-орын – Автобаза


Жүлдегерлерді құттықтаймыз және қатысқан барлық командаларға алғыс айтамыз! Осындай турнирлер кеншілерімізді біріктіріп, корпоративтік рухты нығайтады.


Жаңалықтар тізіміне оралу