Таза аумақ-қауіпсіз жұмыс

12.11.2026

Аумақта металл қалдықтары аз болса, жүру жолдары ашық әрі жұмыс қауіпсіз болады. «Богатырь Көмір» ЖШС-де металл сынықтарын жинау және өткізу аумақтағы тәртіпті сақтауға, жарақат алу мен апатты жағдайлардың алдын алуға, сондай-ақ металды қайта өңдеуге жіберуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде экологиялық жағдайды жақсартуға да елеулі үлес қосады.

2026 жылдың тоғыз айында кәсіпорын қара және түсті металдардың 3 090,89 тоннасын сатты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 есе көп.

Осы жұмыс бойынша Теміржол жабдықтарын жөндеу дирекциясы көш бастап тұр. Бөлімше әрдайым металл қалдықтарын тапсыру жоспарын орындап келеді. Тоғыз айда ТЖЖЖД 1 188,08 тонна қара металл қалдықтарын тапсырды. Бұл – барлық құрылымдық бөлімшелер арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Жөндеуі экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылған техника да металл қалдықтары ретінде есептен шығарылады. Бұл – техника паркін алдағы уақытта жаңарту жұмыстарының бір бөлігі. 2026 жылы Технологиялық көлік басқармасы төрт бульдозер мен бір жүк тиегішті, ал Автобаза бір автокранды есептен шығарды.

Металл сынықтарын жинау, дайындау және сату құрылымдық бөлімшелердің бірлескен жұмысын талап етеді. Сату рәсімінің ашық әрі тиімді ұйымдастырылуы әлеуетті сатып алушылар санын арттырып, металл сынықтарын өткен жылмен салыстырғанда 15–25%-ға жоғары бағамен өткізуге мүмкіндік берді. Сату жүз пайыз алдын ала төлем бойынша жүргізіледі. Бұл ретте сатып алушылар металл қалдықтарын тасымалдауды өз қаражаты есебінен ұйымдастырады.

Сату рәсімін Коммерциялық дирекцияның, Ресурстарды қорғау дирекциясының, күзет қызметінің және сатып алушы компанияның өкілдері бақылайды. Әр кезең құжатталып, тіркеледі.

Өндірістік аумақтарды ірі көлемді қалдықтардан босату жабдықтарға қол жеткізуді жеңілдетіп, техниканың еркін қозғалуына мүмкіндік береді. Металл қайта өңдеушілер үшін шикізатқа айналса, кәсіпорын аумағы таза әрі қауіпсіз бола түседі.


Жаңалықтар тізіміне оралу