Шаңбасар

11.11.2026

Қозғалтқышының қуаты – 460 ат күші, цистернасының сыйымдылығы – 40 м³, ұзындығы – 10,4 метр. Бұл – «Богатырь Көмір» ЖШС-не жеткізілген жаңа LGMG MS40 әмбебап су шашу-суару машинасының негізгі сипаттамалары. Жаңа техника Технологиялық көлік басқармасының құрамында пайдаланылатын болады.

LGMG MS40 артқы су шашу жүйесімен жабдықталған. Оның төрт бүріккіш шүмегі суды 15 метрге дейін шашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар машина өрт сөндіруге арналған қуатты су атқышпен жабдықталған. Оның су шашу қашықтығы – 25 метр. Бұдан бөлек, арнайы техника айналаны шолу жүйесімен қамтылған. Төрт бейнекамераның көмегімен жүргізуші машинаның айналасындағы жағдайды кабинадағы монитор арқылы бақылай алады.

LGMG MS40 әмбебап су шашу-суару машинасында төрт адамнан тұратын бригада жұмыс істейді деп жоспарлануда. Төрт адамнан тұратын бригада арнайы іріктеліп, жеткізуші компания өкілдерінің қатысуымен жаңа техниканы басқару және пайдалану бойынша теориялық әрі практикалық дайындықтан өтеді. Қажетті оқудан кейін қызметкерлер өз міндеттеріне кіріседі.

Айта кетейік, қараша айының соңына дейін осындай тағы бір арнайы техниканы жеткізу жоспарланып отыр.

Компания жаңа техника алумен қатар, түрлі ақауға байланысты істен шыққан техниканы күрделі жөндеуден өткізуді жалғастыруда. Соның аясында Технологиялық көлік басқармасының екі әмбебап су шашу-суару машинасына жаңа қозғалтқыштар алында.

368 ат күші бар ЯМЗ-240НМ қозғалтқыштары БЕЛАЗ автокөліктеріне орнатылады.

Бұл қозғалтқыштарды алуға 55,6 млн теңге жұмсалды.

Қозғалтқыштар ауыстырылғасын әмбебап су шашу-суару машиналары кеніш жолдарындағы шаң басу жұмыстарына толыққанды кіріседі.


Жаңалықтар тізіміне оралу