Ынтымақтастық перспективалары
04.11.2026
«Біздің сапарымыздың мақсаты – қарым-қатынасты дамыту және «БЕЛАЗ» техникасын жеткізу мәселелерін талқылау», – деді Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Богданов «Богатырь Көмір» ЖШС-не жасаған сапары кезінде.
Бұдан басқа Беларусь тарапының өкілдері су бұру және энергия үнемдеу бағыттарындағы қызметтерін ұсынды. Сонымен қатар «Белшина» өнімдерін пайдалану жөнінде ұсыныстарын білдірді.
Өз кезегінде «Богатырь Көмір» ЖШС-нің бас директоры Евгений Мастернак кәсіпорынның ынтымақтастыққа әрдайым ашық екенін атап өтті.
«Біз іскерлік қарым-қатынас орнатуға әрдайым дайынбыз. Қазіргі уақытта кәсіпорында «БЕЛАЗ» техникасының 39 бірлігі жұмыс істеп тұр. Бұл техника жөндеуге жарамдылығымен ерекшеленеді. Дегенмен, біз бір ғана өндірушімен шектелмейміз, әлемдік деңгейдегі басқа да өндірушілермен байланыс орнатуға ұмтыламыз. Сондықтан ұсыныстарыңызды да қарастыруға дайынбыз», – деді ол.
Айта кетейік, ресми сапар аясында Беларусь елшісі «Богатырь» кенішінде және ТТК-ның көру алаңдарында болып, кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштерімен және даму жоспарларымен танысты.





























