Қауіпсіздікке бағдар
17.02.2026
Бүгін «Богатырь Көмір» ЖШС-нің бас директоры Евгений Мастернак өндірістік кеңеспен, «Көшбасшылар клубы» және Қоғамдық жастар қозғалысының өкілдерімен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізді.
Бұл кездесулердегі талқыланған негізгі тақырып – лауазымына, жұмыс өтілі мен тәжірибесіне қарамастан, әрбір қызметкердің заманауи қауіпсіздік мәдениетін және жеке жауапкершілігін қалыптастыру болды.
Қазіргі таңда еңбек қауіпсіздігі мәселесі өте өткір тұр. Компания барлық деңгейде – басшыдан жұмысшыға дейін жүйелі жұмысты күшейтуде. Басты назар жеке үлгі көрсетуге, тәуекелдерге қырағылық танытуға және олардың алдын алуға аударылған.
«Қауіпсіздік – бұл қағаз бетіндегі ереже немесе сырттай бақылау емес. Бұл – әркімнің күнделікті таңдауы. Біздің міндетіміз – әр қызметкердің өз өміріне, әріптестерінің қауіпсіздігіне және кәсіпорынның тұрақты жұмысына деген жауапкершілігін арттыру», – деп атап өтті бас директор.
Кездесу барысында талаптың қатаң болатыны ашық айтылды – еңбек қорғау ережелерін өрескел бұзғандарға ешқандай жеңілдік жасалмайды, мұндайда қызметкердің атағы да, тәжірибесі де, лауазымы да жауапкершіліктен құтқармайды.
Сонымен қатар, компания қауіпсіздік талаптарын сақтайтын, тәуекелдердің алдын алатын және кәсіпорынның тұрақты жұмысына үлес қосатын адал қызметкерлерді әрдайым қолдап, ынталандыруды жалғастыра бермек.























