Теміржолшылар алаңда

14.02.2026

Бүгін спорттық-сауықтыру кешенінде Богатырь жүк тиеу-көліктік басқармасы учаскелерінің командалары арасында волейболдан жарыс өтті.

Ол қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров XXV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атанды деген сүйінші жаңалықпен басталды. Бұл жағымды хабар теміржолшыларды жарысқа жігерлендіріп, олардың көтеріңкі көңіл күймен алаңға шығуына ықпал етті.

Қатысушы командалар осы күні тартысты әрі әсерлі ойын өрнегін көрсете алды. Қуатты соққылар, допты шебер қабылдау, қарсылас екі ойыншының арасынан зу етіп өткен ұрымтал пастар мен кей сәттердегі сәтсіз соққылар – мұның бәрі жарыстың мән-мағынасын айқындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Қорытындысында Теміржол кешені командасы үшінші орынға қанағаттанды. Екінші орынға Богатырская станция волейболшылары табан тіресе, Ударная станция командасы жарыстың жеңімпазы атанды.

Жүлдегерлерді құттықтаймыз және 21 ақпанда өтетін Суперфинал жарыстарын асыға күтеміз!


Жаңалықтар тізіміне оралу