Әркімге қатысты
05.02.2026
Бүгін, 5 ақпан күні «Богатырь» ЖШС қызметкерлеріне талқыланып жатқан жаңа Конституция жобасы да таныстырылды.
Осы бағытта ақпараттық-түсіндіру топтары құрылған. Сол топтың мүшесі, Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев Ата Заңның 84 пайызына, яғни 77 бабына өзгерістер енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, Парламент «Құрылтай» деген атауға ие болып, бір палаталы құрылымға айналады. Оған партиялық тізім бойынша 145 депутат 5 жыл мерзімге сайланады.
Сонымен қатар консультативтік орган – Халық кеңесін құру ұсынылып отыр. Оның құрамына елдің белсенді 126 тұрғыны еніп, заң жобаларын енгізу және республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтере алады. Тағы бір жаңашылдық ретінде елімізде вице-президент лауазымын енгізу қарастырылуда.
Екібастұз қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Елена Власьева жаңа Конституция жобасындағы әлеуметтік салаға қатысты өзгерістерге тоқталды.
Кездесу соңында ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Конституцияның жаңа жобасын мұқият оқып, зерделеп шығуға, ұсыныстар болса жолдауға шақырды. Қосымша ұсыныстарды eGov порталындағы «Электрондық өтініштер» қызметі немесе eGov mobile қосымшасындағы e-Otinish бөлімі арқылы жіберуге болатыны айтылды.













