Автобазаға 25 жыл
03.02.2026
Бүгін Автобазаның 25 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.
Жиналғандарды алдымен «Богатырь Көмір» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Сергей Усик құттықтады. Ол өз сөзінде Автобазаның әрдайым «кадрлар ұстаханасы» болып келгенін және кәсіпорындағы әрбір технологиялық үрдіс осы бөлімшемен тығыз байланысты екенін атап өтіп, қызметкерлерге игі тілегін білдірді.
Салтанатты шарада «Богатырь» кенішінің директоры Александр Титов пен Автобаза директоры Максим Солоха да жылы лебіздерін білдірді. Максим Николаевич ерен еңбегімен көзге түскен әріптестері – Айдын Әбікенов, Жайлаубай Әмірханов, Александр Герлиц, Юнос Галиулин, Балға Жанғозин, Марина Овчинникова, Геннадий Устименко, Ирина Филатова, Владимир Шемяков және Наталья Шабанованы Грамотамен марапаттады.
Айта кету керек, Автобазаны құру туралы бұйрық 2001 жылдың 1 ақпанында шыққан болатын. Содан бергі уақытта жаңа құрылымдық бөлімшенің қалыптасуына көптеген азаматтар өз үлестерін қосты. Мерейтой аясында еңбек ардагерлері Геннадий Кобыльченко, Петр Дусов, Марина Кузнецова, Ғарифолла Олжабаев және Геннадий Пинчук Автобаза директорының қолынан естелік сыйлықтар алды.
Автобаза ұжымын кәсіподақ ұйымдарының өкілдері де мерейтойымен құттықтады. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының атынан №2 АТЦ қызметкері Хабдыуахит Абдуалиевке шипажайға жолдама табысталды.
Мерекелік шараның сәнін келтірген көлік жүргізушілері Дархан Төлеубаев пен Еділ Минайхан, сондай-ақ түйіспелі желі электр монтері Елубай Ерсайынов өз әндерін тарту етіп, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.










































