Өндірістік диалог
21.01.2026
Бүгін, 21 қаңтар күні «Богатырь Көмір» ЖШС-нің бас директоры Евгений Мастернак Богатырь жүк тиеу-көлік басқармасының (БЖКБ) еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
«Мен барлық құрылымдық бөлімшелердің жұмысымен танысып үлгердім. БЖКБ қызметі жақсы әсер қалдырды. Ұжымның ұйымшылдығын да байқадым», – деп бастады өз сөзін компания басшысы.
Сонымен қатар ол өндірісте орын алған бақытсыз жағдайлар мен олардың себептеріне тоқталып, алдағы уақытта мұндай оқыс оқиғалардың алдын алу үшін бірлесе жұмыс істеу қажет екенін атап өтті.
2025 жыл жақсы өндірістік көрсеткіштермен аяқталып, кеншілер 45 млн тонна көмір өндіргенін айтқан бас директор, осы қарқын биыл да сақталып, шамамен сол көлемде көмір өндіру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Жыл басынан бастап бұрын «Богатырь» кенішінің қарамағында болған теміржол қызметкерлері БЖКБ құрамына өткен. Басшылық бұл өзгеріс жұмысшылар үшін ешқандай теріс әсер етпейтінін атап өтті.
Тағы бір жаңалық – бұрын «циклді-толассыз технологиясы» деп аталған кешен, енді «кешенді толассыз технология» (КТТ) деп аталатын болды. Атауы өзгергенімен, атқаратын міндеті сол күйінде қалады. КТТ-мен қатар қолданылып келген қосарланған технологиядан бас тарту жоспарланып отыр.
«Қосарланған технологиядан бас тарту БЖКБ бірқатар бөлімшелерінің жұмысына әсер етеді. Босаған қызметкерлерді басқа учаскелерге қайта бөліп, қайта оқытамыз. Осыған түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын», – деді Евгений Мастернак.
Сондай-ақ бас директор жаңа үлгідегі арнайы жұмыс киімдерін таныстырып, жаңа ұжымдық шарт әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын және жылдар бойы бос тұрған жұмыс орындары жабылатынын хабарлады.
Кездесу соңында мұндай жиындардың алдағы уақытта тұрақты түрде өткізіліп, жарты жылда бір рет ұйымдастырылатыны атап өтілді.




















