Ашық әңгіме

16.01.2026

«Богатырь Көмір» ЖШС-нің бас директоры Евгений Мастернак «Богатырь» кенішінің еңбеккерлерімен кездесті.

Өз сөзінде ол негізгі оң нәтижелерге тоқталды: өндірістік жоспардың орындалуы, Өндірістік жүйені дамыту тұрғысынан кеніштің құрылымдық бөлімшелер арасында көшбасшы орынға шығуы, сондай-ақ кеншілердің техника мен жабдықтарды күтіп-ұстауға жауапкершілікпен қарауы атап өтілді.

Компания басшысы қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды. Евгений Анатольевич ең басты құндылық – адам өмірі екенін еске салып, жұмыс өтілі мен өндірістік жағдайына қарамастан еңбекті қорғау талаптарын қатаң сақтауға, өзіне және әріптестеріне мұқият болуға, ықтимал қауіп-қатерлер туралы уақтылы хабарлап отыруға шақырды.

Кездесу барысында бас директор алдағы үш жыл ішінде қолданыстағы арнайы киімді толық алмастыратын жаңа корпоративтік арнайы жұмыс киімін таныстырды. Жаңа үлгіде табиғи талшықтардың үлесі арттырылған, түстері қайта қаралған, киюге ыңғайлы әрі жайлы. Қазіргі таңда жазғы киімнің жиынтығы келісілген, ал қысқы киімнің  нұсқасы жақын арада бекітілмек. Сонымен қатар ашық ауада жұмыс істейтін қызметкерлер үшін қалың, жылытылған нұсқа қарастырылған.

Сондай-ақ бас директор «Жасыбай» демалыс орталығының қазіргі жай-күйі туралы әсерімен бөлісіп, «Қарлығаш» балаларды сауықтыру орталығының екі корпусында жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ «Березка» демалыс үйіндегі жағдайды жақсарту жоспарларын айтты.

Бұдан бөлек, Евгений Мастернак биылғы жылы жалақыны индексациялау мөлшері Павлодар облысы бойынша инфляция деңгейінде – 13,4 % құрайтынын хабарлады. Қосымша табыс өсімі мәселесін көтерген қызметкерлерге ол компанияның өз Оқу-курстық комбинатында білім алу және ішкі мансаптық өсу мүмкіндіктері бар екенін еске салды.

Кездесу барысында цифрландыру мәселелері, соның ішінде бағдарламалық қамтамасыз етуді жетілдіру тақырыбы да қозғалды. Евгений Анатольевич бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар жақын уақытта бас директорға тікелей жүгінуге және жауап алуға мүмкіндік беретін онлайн-платформа іске қосылатынын мәлімдеді.


Жаңалықтар тізіміне оралу