Еңбекке лайық марапат

29.12.2025

«Богатырь» кенішінің тау-кен жабдықтарын жөндеу цехының жабдықтарға қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі электр слесарі Болат Шайхиннің кеудесіне «Құрмет» ордені тағылды.

Болат Жарылғасынұлы жоғары награданы алу үшін Астана қаласына арнайы барып келді.

«1988 жылы «Степной» аршу кенішінде еңбек жолымды теміржол жол жөндеушісі болып бастадым. Бұл жұмыс ауыр екені белгілі: шпалдарды ауыстырып, теміржол жолын жөндеп, оның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге атсалыстым. Ұжымымыз өте тату болды, соларды қимай 35 жыл еңбек еттім. Ал 2022 жылы денсаулығыма байланысты жаңа жұмысқа ауыстым. Бұрынғы жұмысымды қимай, көзіме жас алғаным да болды» – деп еске алады орден иегері.

Қазір Болат Шайхин экскаваторлардың түрлі бөлшектерін жөндеумен айналысып, жаңа мамандығын бұрынғысына қарағанда қызықтырақ деп санайды.

«Құрмет» орденінен басқа, ол ұзақ жылғы еңбегінің арқасында «Шахтер даңқы» белгісінің толық иегері атанды, сонымен бірге «Ерен еңбегі үшін» медалімен де марапатталған болатын.

Бұл тәжірибе мен еңбектің шынайы табысқа және жоғары бағаға апаратындығын айқын дәлелдейді.


Жаңалықтар тізіміне оралу