Үздік БПҰ
25.12.2025
25 желтоқсан күні «AMANAT» партиясының Екібастұз қалалық филиалы 2025 жылды қорытындылады.
Қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев партияластарын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, қалада атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды. Сондай-ақ партиялық қызметте белсенділік танытқан азаматтарды марапаттады.
Екібастұз қалалық мәслихатының Құрмет грамотасына ие болғандардың қатарында партиялық бақылау комиссиясының мүшесі, «Богатырь» кенішінің №2 ӨЖУ №1146 СРс(К)-2000 роторлы экскаватор машинисінің көмекшісі Владислав Дуб та бар.
«AMANAT» партиясы Екібастұз қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мариям Мәлікова әріптестерін мерекемен құттықтап, партияның басты тірегі – қаланың дамуына өз үлесін қосып жүрген белсенді мүшелер мен ірілі-кішілі кәсіпорындар екенін атап өтті. Бірлескен жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Богатырь Көмір» ЖШС арнайы «Партиялық Оскар – 2025» мүсіншесімен марапатталды.
Мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындағы «AMANAT» партиясының БПҰ (бастауыш партия ұйымы) Серік Саттаров төрағалыққа келгеннен бері жұмысын айтарлықтай жандандырды. Соңғы төрт айдың ішінде партия қатарына 150 қызметкер қосылды. Бұл еңбек елеусіз қалмай, «Богатырь Көмір» ЖШС БПҰ «Үздік БПҰ» кубогына ие болды.
Серік Зүкенұлы көрсетілген қолдау мен жоғары бағалау үшін алғысын білдіріп, партия мүшелерінің саны артқаны қуантатынын, алайда алдағы уақытта негізгі назар жұмыстың сапасына аударылатынын атап өтті.
























