BPS жүйесі: жаңа көзқарас
23.12.2025
«Bogatyr Production System» өндірістік жүйесін енгізу шеңберінде «Ғылыми-өнеркәсіптік кеңесшілер» акционерлік қоғамының («ҒӨК» АҚ) мамандары «Өндірістік жүйенің негіздері» (екінші деңгей) бойынша оқулар өткізді.
BPS-ті дамыту тобының басшысы Ольга Ковтунның айтуынша, базалық деңгейдегі оқуға шеберлер, аға шеберлер, учаске бастықтары мен олардың орынбасарлары, осы лауазымдар бойынша кадрлық резервке үміткерлер қатысты. 40 қатысушының ішінен ең үздік 10 маман іріктеліп, оқудың екінші деңгейінен өтті.
Олар екі топқа бөлініп, оның бір тобы ТЖЖЖД-ға қарасты №2 жылжымалы құрам депосына жіберілді. Топ құрамында BPS менеджерлері Рүстем Көпішев, Санат Байселдинов, Муса Габдулганеев, Тау-кен жабдықтарын жөндеу зауыты шеберінің міндетін атқарушы Наталья Соколова және Богатырь жүк тиеу-көлік басқармасының «Степной» депосы бастығының орынбасары Азамат Нұрғалиев болды.
Азамат Нұрғалиевтің айтуынша, топ негізгі жоба ретінде ПЭ2М тартушы агрегатының электр қозғалтқышын жөндеу үдерісін таңдады. Жұмыс барысы мұқият бақылауға алынып, бірнеше кезеңге бөлінді. Анықталған кемшіліктер мен операциялық шығындарды жоюға бағытталған 11 шара әзірленді.
Наталья Соколова жобалардың түпкі мақсатын былайша түйіндеді:
«ПЭ2М тартушы агрегатының электр қозғалтқыштарына ағымдағы жөндеу уақытын 35 сағаттан 15 сағатқа дейін қысқарту. Негізгі міндеттер – еңбекті қорғау тәуекелдерін азайту, жұмыс орындарын ұйымдастыруды жақсарту және операциялық шығындарды қысқарту».
Топтың негізгі ұсыныстары мыналар болды:
– тартушы агрегатты жөндеуге қабылдаудың нақты техникалық регламентін әзірлеу;
– слесарьдың уақытын үнемдеу мақсатында қарау жырасына құрал-жабдықтар стендін орнату немесе оларды тасымалды қораптармен қамтамасыз ету;
– аккумуляторлы жарықтандырғыш аспаптарды, операцияларды орындау карталарын, цифрлық мегаомметрді және басқа да заманауи құралдарды қолдану.
Депо бастығы Владимир Рожок ұсыныстардың барлығы болмаса да, бірқатары жұмыс үдерісіне енгізуге тиімді екенін атап өтті.
ТЖЖЖД директоры Валерий Терешков: «Атқарған жұмыстарыңыз үшін алғыс білдіремін. Сіздер жаңа көзқарас қалыптастырып, қызықты шешімдер ұсындыңыздар», – деп ризашылығын жеткізді.
Ал «ҒӨК» АҚ бағыттар директоры Алексей Воронин: «Тәжірибе көрсеткендей, ұсыныстардың 85%-ы іс жүзінде қолданысқа енгізіледі. Топ мүмкіндіктерді көрсетті, енді тиімділерін енгізу – құрылымның міндеті. Сонымен бірге осы оқулардан рейтингтік бағаларына қарай іріктеліп алынған бірнеше маман көшпелі оқуларға жіберілмекші», – деді.
Оқытудан өткен қызметкерлердің екінші тобы алған білімдерін Технологиялық көлік басқармасының Богатырский Пит-стоп (БПС) алаңында іс жүзінде қолданды. Жүргізілген бақылаулар мен талдаулар негізінде олар авто өзі аударғыштардың электр машиналарының істен шығуына байланысты туындайтын апаттық тоқтап қалуларды азайтуға бағытталған, қарапайым әрі қосымша шығынды қажет етпейтін тиімді шешімдер әзірледі.
Оқытуға қатысушылардың алдына келесі міндеттер қойылды:
– БЕЛАЗ 75131/75139 авто өзі аударғыштарының электр машиналары бойынша 1-ТҚК, 2-ТҚК, 3-ТҚК көлеміндегі техникалық қызмет көрсету (ТҚК) сапасын арттыру;
– жұмыскерлер еңбегіндегі шығындарды анықтау;
– еңбек жағдайларын жақсарту.
Топ аталған учаскедегі жұмыс тиімділігін төмендететін 8 факторды анықтап, оларды жоюға бағытталған, қосымша қаржылық шығынды талап етпейтін ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда:
– оқшаулаудың бұзылуы мен жалғау клеммаларының тотығуын болдырмау мақсатында күштік кабельдерге «гофра» түріндегі қосымша оқшаулау орнатып, оларды байлап, агрессивті ортаның әсерінен алшақ орналастыру;
– техникалық қызмет көрсету кезінде өзге жұмыскерлерді тартпау үшін ТКБ-ның БПС учаскесінде еңбек ететін слесарьларды электр слесарі мамандығы бойынша оқытып, қайта даярлау;
– мойынтірек тораптарының істен шығуының алдын алу мақсатында мойынтіректерге жүйелі түрде диагностика жүргізу. Топ мүшелерінің есептеуінше, ұсынылған шаралар апаттық тоқтап қалуларды төрт есеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Технологиялық көлік басқармасының директоры Асылбек Нұрғалиев:
«Әрдайым жаңа пікірді, сырт көзбен жасалған талдауды есту пайдалы. Электр машиналарына қызмет көрсетуге қатысты барлық ұсыныстар көңілімнен шықты. Ең алдымен күштік кабельдерді оқшаулау жөніндегі ұсынысты іске асырамыз деп ойлаймын. Сонымен қатар жеке құрамды қайта даярлау және еңбекақы төлеу мәселелерін де қатар пысықтаймыз. Бұл аталған учаскенің жұмыс тиімділігін арттыруға нақты ықпал етеді деп сенемін», – деді.
Оқуды сәтті аяқтаған топ мүшелеріне «ҒӨК» АҚ атынан сертификаттар табыс етілді. Ендігі мақсат – алынған білім мен тәжірибені өндірісте нақты нәтижелерге айналдыру.





























