Қоғамдық бақылау
22.12.2025
22 желтоқсанда «Богатырь Көмір» ЖШС-не Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Қоғамдық кеңесі мүшелері келді.
Кеңес төрағасы – «Атамекен» ҰКП-ның Энергетика және ТКШ департаментінің директоры, басқарушы директор Жақып Хайрушев. Кеңес құрамына еліміздің әр өңірінен келген энергетика саласының білікті мамандары енген.
Қонақтарды «Богатырь» кенішінің көру алаңында мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі директор Дәурен Асылханов пен «Богатырь» кенішінің директоры Александр Титов қарсы алып, кәсіпорынның қызметі, өндірістік көрсеткіштері және енгізіліп жатқан заманауи технологиялар туралы жан-жақты таныстырды.
Қоғамдық кеңес мүшесі Балжан Досмұхамбетова Атырау қаласынан. Бұл оның «Богатырь» кенішіне екінші мәрте келуі екеніне қарамастан, ол кәсіпорын ауқымының кеңдігіне тағы да тәнті болып:
«Өте ауқымды өндіріс. Кәсіпорындарыңыз осылай қарқынды дами берсін», – деп игі тілегін білдірді.
Қоғамдық кеңес Екібастұз қаласында көшпелі отырыс өткізеді. Жиын барысында күзгі-қысқы кезеңнің өту барысы, көмір және электр энергиясын өндіруші кәсіпорындардың жұмысы, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздік мәселелері талқыланатын болады.
























