Қанжығалары майланған ардагерлер

18.12.2025

Екі ардагер спортшымыз Қарағанды қаласынан қанжығаларын майлап оралды. Көмірлі ордада Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған самбо, дзюдо және қазақ күресінен ардагерлер арасында Азия кубогы ұйымдастырылды. Желтоқсан айының 12–15 күндері аралығында өткен жарысқа әріптестеріміз Теңдік Сильев пен Жанат Шегитаев қатысып келді.

«Богатырь» кенішінің теміржол кранының краншысы Теңдік Сильев ағамыз 300-ден астам балуан қатысқан Азия кубогында күрестің үш түрі бойынша да сынға түсті.
«Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Өзім үшін қиындау болды, өйткені күрестің үш түріне де қатыстым, сондықтан үш күн қатарынан боз кілемге шығуыма тура келді. Қуантатыны – қазақ күресінен чемпион, самбо және дзюдо күрестерінен қола жүлде иегері атандым», – дейді ардагер спортшы.
ТКЖЖ зауытының бас технологы Жанат Шегитаев самбо күресімен жас кезінде айналысқанымен, араға үзіліс салып, жаттығуларын өткен жылы қайта бастаған. Ағымдағы жылғы нәтижелері жаман емес: «Биыл ардагерлер арасында Қазақстан, Азия Әлем чемпионаттарында табысты өнер көрсетіп, жүлдегер атандым. Енді, міне, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған Азия кубогы жарысында алтын медаль иеленіп отырмын. Жарыс деңгейі өте жоғары болды. Финалдық белдесуде жеңіліп жатып, аяқталуына 14 секунд қалғанда, бар жігерімді жинап, оңтайлы әдіс жасап жеңіске жеттім. Осындай жарыстарға дайындалуға мүмкіндік жасап отырған Компания басшылығына ризашылығымды білдіремін», – деп түйіндеді Жанат Амантайұлы.
Біз де өз тарапымыздан ардагер спортшы ағаларымызды құттықтаймыз. Жеңісті жарыстарыңыз көп болсын!


Жаңалықтар тізіміне оралу