Тәуелсіздік таңы
15.12.2025
Бүгін, 15 желтоқсанда «Богатырь Көмір» ЖШС-нің құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс күні патриоттық әндермен басталды. Кәсіпорынға келген қызметкерлерді ұлттық киім киген әріптестеріміз жылы шыраймен қарсы алды.
Әрбір қызметкерге қазақ халқының дәстүрлі ұлттық тағамдарының бірі – бауырсақ пен тәтті сый-сыяпаттар табысталды. Бұл мерекелік шара Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналды.
Тәуелсіздік күні – қастерлі әрі маңызы зор мемлекеттік мереке. Тәуелсіздік – еліміздің басты құндылығы, халқымыздың еркіндігі мен бірлігінің, тұрақтылығы мен болашаққа деген сенімінің нышаны. Бұл күн ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы сан ғасырлық арман-мұратының орындалғанын білдіреді.
Осындай мерекелік шаралар ұжым мүшелерінің елге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, ортақ мақсат жолында топтасуға ықпал етеді. «Богатырь Көмір» ЖШС ұжымы Тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз үлесін қоса отырып, бейбітшілік пен бірлікті басты құндылық ретінде ұстанады.


























