Партиялық істер

12.12.2025

Бүгін, 12 желтоқсанда, Тәуелсіздік күні қарсаңында «Самғау» балалар шығармашылық орталығында «Amanat» партиясына жаңа мүшелерді салтанатты түрде қабылдау рәсімі өтті. Бұл жолы партия қатары «Богатырь Көмір» ЖШС қызметкерлерімен толықты.

Құттықтау сөз сөйлеген «Amanat» партиясының Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Николай Дычко жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, партиялық жұмыста табыс тіледі. Оның айтуынша, облыс бойынша партия мүшелерінің саны 48 мыңнан асқан. Осы күні 56 кеншіге Николай Васильевич партия билеттерін табыстады.

Салтанатты рәсім одан әрі «Богатырь Көмір» ЖШС-дегі партиялық бастауыш ұйымының төрағасы Серік Саттаровтың құттықтау сөзімен жалғасты. Ол әріптестерін және партияластарын мерекемен құттықтап, компанияның 10 қызметкеріне жаңа үлгідегі партия билеттерін табыстады.

«Богатырь» кеніші №2 ӘТК учаскесінің бастығы Зәуреш Асқапова партия қатарына өту оның жеке жауапкершілігі мен қоғамдық белсенділігін арттыратынын атап өтті.

Мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің басшысы Манар Ерботина «Amanat» партиясының қайырымдылық бағытындағы игі істеріне ризашылығын білдірді.

Игі істерімен мыңдаған қазақстандықты біріктіріп отырған «Amanat» партиясы алдағы уақытта да оң бастамаларын жалғастыра береді деп сенеміз. Бұл жолда кеншілер де өз үлестерін қоса бермек.


Жаңалықтар тізіміне оралу