Еріктілер форумы
05.12.2025
5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күнінде «Богатырь» кенішінің әкімшілік-тұрмыстық кешенінде екібастұздық еріктілердің форумы өтті.
Бұл күні бір жерге жүрегіндегі мейірімін өзгелермен бөлісіп, айналасына жарық сыйлауды өмірлік ұстанымына айналдырған жандар жиналды. Олар – мұқтаждарға қолұшын созып, жануарларға қамқор болып, хабарсыз кеткендерді іздестірумен айналысып, экологиялық жобаларға белсене қатысып, қиын жағдайға тап болғандарға сүйеу бола білген мейірбан жандар.
Форумға «Vita», «Ангел», «Легион – 14», «Lider.Kz», «Екібастұз» ІГЖ еріктілер жасақтарының, «28 ілмек» клубының, «МАМА» қорының, «Қызыл жарты ай» ұлттық қоғамының және «Қаңғыбас жануарлар» еріктілер клубының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында қонақтар жүректен шыққан шынайы әңгімелерін ортаға салды. Олар атқарып жүрген істерінің мәні мен маңызы туралы айтып, шараларда қолданатын құрал-жабдықтарын, арнайы киімдерін, сондай-ақ адал еңбегі мен жан жылуы үшін алған марапаттарын көпшілік назарына ұсынды.
«Богатырь Көмір» ЖШС еңбек ұжымында да осындай жүрегі мейірімге толы жандардың бар екені – ерекше мақтаныш. Олар жақсылықты даңқ үшін емес, адамдық борыш деп түсінгендіктен жасайды. Мұндай азаматтардың қайырымды істері талай тағдырдың өзгеруіне ықпал етіп, туған қаланың өркендеуіне үлес қосып, тіпті кейде адам өмірін сақтап қалуға себеп болып жатады.
Компанияның бас директоры Евгений Мастернак еріктілерге олардың риясыз еңбегі, жанашырлығы мен адамгершілігі үшін алғыс білдірді. Ризашылық ретінде ол қатысушыларға рюкзактар, термотостағандар және ланчбокстар табыстап, алдағы уақытта да еріктілер бастамаларын қолдауға дайын екенін атап өтті.
Жақсылық жасау үшін уақытын да, күшін де, жан жылуын да аямаған әрбір еріктіге мың алғыс!

















