Ардагерлер спортта
29.11.2025
«Богатырь Көмір» ЖШС-нің спорттық-сауықтыру кешенінде бүгін спорт ардагерлері арасында футбол және волейболдан жарыстар өтті. Шара «Богатырь» кенішінің 55 жылдығына арналды. Оның басты қатысушылары – Богатырь және Северный кешендерінің кеншілерінен құралған командалар.
Бұл жарыстарда ең бастысы – жеңіс емес, әртүрлі ауысымдар мен учаскелерде еңбек етіп жүрген достар мен әріптестердің қайта қауышуы болды. Қатысушылардың бірі түнгі ауысымнан кейін бірден келсе, енді бірі зейнеткерлік жаста. Бірақ барлығын біріктірген – командасына қолдау көрсету ниеті.
Волейбол бойынша алғашқы екі сет тең аяқталды. Ойын өте тартысты өтті: командалардың деңгейлері шамалас болды, ал таблодағы есеп 1–2 ұпайдан аспай отырды. Спортшылар ойын қыза түскен соң 25 ұпайға дейін толық үшінші сет ойнауды өздері ұсынды. Нәтижесінде Северный кешені командасы айқын басымдық көрсетіп, 1-орынды иеленді. Богатырь кешенінің командасы күміс жүлдегер атанды.
Кеншілердің шыдамдылығы мен ептілігі жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеген жағдай – кейбір волейболшылар матчтан кейін бірден футбол алаңына шықты. Футбол ойыны да тартысты әрі қызықты өтті. Әдемі голдар, шебер шабуылдар мен сәтті қорғаныс көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Достық кездесу 4:2 есебімен Богатырь кешені командасының жеңісімен аяқталды.
Спортшыларға тартысты да қызықты ойын үшін алғыс айтамыз!
Мерекелеріңізбен! Жұмыста да, спортта да биік белестерді бағындыра беріңіздер!
«Богатырь» кенішінің 55 жылдығы құтты болсын!























