Даму перспективалары
19.11.2025
19 қараша күні «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына келіп, холдингке қарасты кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Соның аясында «Богатырь Көмір» ЖШС-де кеңес өткізіліп, бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.
Кездесуде сөз болған негізгі тақырыптардың бірі – циклдік-толассыз технология (ЦТТ) кешенін іске қосу мәселесі. Бұл бағытта жобаға жауапты неміс мердігер ұйымымен тығыз өзара іс-қимыл жалғасып жатқаны атап өтілді.
Сондай-ақ жиын барысында циклдік-толассыз аршу кешенінің техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеу мәселесі қаралды. Оны дайындайтын компаниялар концорсиумы анықталған және жақын арада ТЭН дайын болуы тиіс.
Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығын арттыру мәселесі де назарда. Алдағы уақытта кейбір жылу электр орталықтарының газға көшуіне байланысты көмір өткізудің төмендеу ықтималдығы айтылды. Осыған орай, өндіріс көлемінің қысқаруына жол бермеу үшін жаңа тұтынушыларды тарту тапсырмасы берілді.
Жиын қорытындысында 2026 жылға белгіленген жоспарлар талқыланды.






























