Үстелдегі тартыс

15.11.2025

Бүгін, қарашаның 15-і күні «Богатырь Көмір» ЖШС спорттық-сауықтыру кешенінде үстел теннисінен жеке біріншілік өтті. Оған кәсіпорнымызда еңбек етіп, спорттың осы түрін ермек еткен әріптестеріміз қатысты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 40 жасқа дейінгі және 40 жастан жоғары ерлер арасында, сондай-ақ әйелдер арасында (жас шектеусіз) анықталды.

Қатысушылар санына қарай 40 жасқа дейінгі ерлер екі топқа бөлініп өз ойындарын бастады. Ал 40 жастан жоғары ерлер бір топта, әйелдер де жеке өздері бір топта бақ сынады.

Жүлделі орынға таласқандардың қатарында Қанат Сайлауғазы да болды. Жақында ғана қазақ күресінен бозкілемде атой салған ол бұл күні үстел теннисінде сәл сүрінгенімен, көңіл күйі көтеріңкі болды.

«Мен қолымнан келгенше спорттың барлық түрінен өтетін жарыстарға қатысып жүремін. Қазақ күресі, волейбол, үстел теннисі және басқа да спорт түрлерінде тәжірибем бар. Бүгін жақсы жарыс өтіп жатыр, қарсыластардың да мықты екені көрініп тұр. Мұндай жарыстарда мықты спортшылармен танысып, олардан тәжірибе аламын», – деп сөзін түйіндеді Қанат Сайлауғазы.


Ал жүлдеге келесі әріптестеріміз ілікті:

Әйелдер арасында:

1 орын – Камила Ердякова (БЖКБ)

2 орын – Екатерина Ережепова («Богатырь» кеніші)

3 орын – Инесса Суханова (Атқарушы аппарат)


Ерлер (40 жасқа дейін):

1 орын – Мадияр Тәңірберген (ЭД)

2 орын – Иван Завгородний (БЖКБ),

3 орын – Нұрсұлтан Бұхарбаев (Автобаза)


Ерлер (40 жастан жоғары):

1 орын – Константин Сенич (БЖКБ)

2 орын – Михаил Иванов (БЖКБ)

3 орын – Ермек Алимов (Автобаза)


Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймыз! Ал 22 қараша күні бізді шахматтан өтетін жарыс күтуде. Сондықтан ойы ұтқыр, ойлауы терең әріптестерімізді қатысуға шақырамыз.


Жаңалықтар тізіміне оралу