Жылы кездесу
13.11.2025
Бүгін, 13 қараша күні «Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры Евгений Мастернак кәсіпорын ардагерлерімен кездесті. Қазіргі таңда «Богатырь Көмір» корпоративтік қорында 2200-ден астам ардагер тіркеуде тұр. Олардың арасынан белсенділері осы шараға шақырылып, мазмұнды жүздесу өтті.
Кездесуді ашқан Евгений Анатольевич жылы лебізін білдіріп, оларға ерекше құрмет көрсетті:
«Мен бұл қызметке кіріскеніме бір ай болды. Осы уақыт ішінде кәсіпорнымыздың қуатты техникасымен, жұмыс үдерісімен танысып үлгердім. Сол машиналардың әлі күнге дейін сапалы жұмыс істеп тұрғаны – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Сол үшін баршаңызға алғысымды білдіремін», – деді бас директор.
Ардагер-кеншілердің сұрақтарына жауап бере отырып, Евгений Анатольевич өз өмірбаянымен қысқаша таныстырды. Сондай-ақ ол компанияның дәстүрлерді сақтай отырып табысты дамып келе жатқанын, техниканы жаңарту мәселесінің тұрақты бақылауда екенін және бұл бағытта әлемнің жетекші өндірушілерімен тығыз байланыс орнатылғанын атап өтті. Оның айтуынша «Богатырь Көмір» компаниясында жаңа технологиялар енгізу жалғасуда, ал алдағы уақытта циклдік-толассыз аршу кешенін салу және пайдалануға беру жобасын іске асыру жоспарланған.
Сондай-ақ, бас директор Баянауыл ұлттық паркіндегі «Жасыбай» демалыс орталығының компания құрамында болуы – ұжым үшін үлкен бақыт екенін айта келе, ондағы нысандарды кезең-кезеңімен жаңарту және заманауи талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Кездесу соңында Евгений Анатольевич ардагерлерге ізгі тілегін білдірді:
«Сіздер – біздің тірегімізсіздер, өскелең ұрпаққа үлгісіздер. Өз тәжірибелеріңіз бен беделдеріңіз арқылы кенші мамандығының құрметті мамандық екенін жастарға дәріптей жүріңіздер», – деді ол.
Ардагерлер өз кезегінде жылы жүздесу мен ашық әңгіме үшін шынайы ризашылықтарын білдірді.























