Әр секунд қымбат

13.11.2025

Бүгін, 13 қараша күні Азаматтық қорғаныс және еңбекті қорғау басқармасының, Теміржол жабдықтарын жөндеу дирекциясы құрылымдық бөлімшесінің қатысуымен «Трудовая» станциясындағы №2 жылжымалы құрам депосында тартушы агрегаттарын жөндеу цехында шартты түрдегі апатты және өртті жою бойынша тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді.

Сценарий бойынша дәнекерлеу жұмыстары кезінде өрт шығып, цех ішінде қатты түтіндену орын алған. Дабыл түскен бойда кәсіпорынның апаттық-құтқару қызметі дереу «оқиға» орнына жетті.

Алғаш болып №4 бөлімшенің өрт сөндірушілері келіп, олардың міндеті өрттің ошағын анықтап, оны дер кезінде сөндіру болды. Біраз уақыттан кейін №8 бөлімшенің құтқарушылары мен Екібастұз апаттық-құтқару взводының (ЕАҚВ) командалық құрамы оларға қосылып, бірлескен іс-қимыл ұйымдастырылды.

Оқу-жаттығу барысында зардап шеккендерді эвакуациялау, өртті сөндіру және бөлімшелер арасындағы өзара әрекеттестік бойынша нақты тәжірибелік жаттығулар пысықталды. Командалық құрам шешім қабылдау жылдамдығын, бұйрықтардың нақтылығын және әрбір қатысушының үйлесімді жұмысын бағалады.

Мұндай оқу-жаттығулар – «Богатырь Көмір» ЖШС қауіпсіздік жүйесінің маңызды бөлігі. Олар апаттық жағдайлардың алдын алуға, қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыруға және кез келген төтенше ахуал кезінде тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.


Жаңалықтар тізіміне оралу