Партиялық бірлік
12.11.2025
12 қараша күні бас кеңсенің конференц-залында құрылымдық бөлімшелердегі партия ұяшықтары төрағаларының қатысуымен «AMANAT» партиясының «Богатырь Көмір» ЖШС бастауыш партия ұйымының есептік жиыны өтті.
Ұйым төрағасы Серік Саттаров соңғы үш айда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Осы уақыт аралығында кәсіпорында Екібастұз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракция мүшелері, мемлекеттік және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен жеке қабылдау өткізіліп, әйел қызметкерлермен «Дені сау әйел – салауатты кәсіпорын» жобасы аясында кездесу ұйымдастырылды.
Жаңа оқу жылы қарсаңында көпбалалы кеншілердің 31 баласына мектеп құралдары сыйға тартылды. «Богатырь Көмір» ЖШС ардагерлері және Өмірлік қиын жағдайға тап болған тұлғаларды қайта әлеуметтендіру орталығының қамқорлығындағы қарттар Халықаралық қарттар күні мерекесімен құттықталды және оларға сыйлықтар табыс етілді.
Республика күніне орай қазақ күресінен «Богатырь барысы» турнирі өткізілді.
Партия қатарына қабылдау жұмысы жалғасуда. Бүгінде 1771 әріптесіміз «AMANAT» партиясының мүшесі. Жалпы, Екібастұз өңірінде партия мүшелерінің саны 12 мың адамға жетіп, 29 бастауыш ұйым жұмыс істеуде.
Қазіргі уақытта жарналық төлемдердің 20%-ы ұйымдарға кері қайтарылады. «AMANAT» партиясының мүшесі болып табылатын кеншілер төлеген жарналардың кері қайтарылған қаржысының бір бөлігіне «Есірткіге жол жоқ» акциясы аясында оқушылар мен студенттерге киноға билеттер сатып алынды. Қалған қаражатты көмекке мұқтаж әріптестерімізге қайырымдылық мақсатында бөлу туралы шешім қабылданды.
Тәуелсіздік күні қарсаңында партия қатарына жаңа мүшелерді қабылдау рәсімін өткізу жоспарлануда. «AMANAT» партиясының қатарына қосылғысы келетіндерге Бауыржан Момышұлы көшесіндегі №132 кабинетке, партияның қабылдау бөлмесіне алдын ала хабарласу қажет.























