Балаларға кино

31.10.2025

Өскелең ұрпақ – ел болашағы. Оларды елін сүйетін патриот әрі жауапты азамат етіп тәрбиелеу – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Жастар мен оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және нашақорлықтың  алдын алу мақсатында қаламызда «Есірткіге жол жоқ!» атты кең ауқымды акция ұйымдастырылды. Акцияның өтілуіне  «Богатырь Көмір» ЖШС және «AMANAT» партиясының Екібастұз қалалық филиалы бірлесіп белсенді қолдау көрсетті.

Компания мен партия өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік құндылықтар мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру ісінде бірлескен серіктестер ретінде әрекет етті. Олардың бастамасымен мектеп оқушылары мен студенттер үшін «Maxi Mall» сауда-ойын-сауық орталығындағы «Maxi Cinema» кинотеатрында «Капитан Байтасов» фильмінің тегін көрсетілімі ұйымдастырылды. Қаламыздың 2000 жеткіншегі 2011 жылы Тараз қаласында лаңкестің бейбіт тұрғындарға лақтырмақ болған гранатасын өз денесімен жауып, ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың батырлығына арналған әсерлі туындыны тегін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

«Есірткіге жол жоқ!» акциясы – жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, нашақорлықтың алдын алу және рухани құндылықтарды нығайту жолында бизнестің, мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің күш біріктіруінің жарқын үлгісі болды.


Жаңалықтар тізіміне оралу