Дені сау әйел – салауатты кәсіпорын
29.10.2025
Бүгін «Богатырь Көмір» компаниясында «AMANAT» партиясының «Дені сау әйел – салауатты кәсіпорын» пилоттық жобасы аясында шара өтті. Құрамында партия өкілдері мен дәрігерлер бар жұмыс тобы кәсіпорнымыздың әйел қызметкерлерімен кездесті.
Ондағы мақсат – «Жүрек, жатыр мойны және сүт безі ауруларының, артериялық гипертензия мен ми қан айналымының бұзылыстарының алдын алу» тақырыбында түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
«Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры Евгений Мастернак қонақтарды қарсы алып, осындай маңызды шара ұйымдастырғаны үшін партия өкілдеріне алғысын білдіріп, компанияда әйелдер қауымына әрдайым ерекше ілтипат көрсетілетінін атап өтті.
«AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Николай Дычко өз сөзінде бұл кездесулердің басты міндеті – әйелдерге қамқорлық көрсету екенін айтты.
Одан кейін сөз дәрігерлерге берілді. Облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Гүлжанат Джакова: «Тіркелетін аурулардың 48% артериялық гипертензияға, ал өлім жағдайларының 44% инсультке тиесілі. Жүрек-қан тамырлары аурулары қазір жасарып барады. Жуырда 23 жастағы жігіт инфарктпен түсті. Кейін белгілі болғандай, ол соңғы бес жыл бойы энергетикалық сусындарды тұрақты түрде ішіп келген. Сондықтан бұл аурулардың алдын алудың ең басты жолы – қан қысымын тұрақты түрде тексеріп отыру», – деп атап өтті.
Онколог-маммолог Сергей Борисенко сүт безі қатерлі ісігі және оның алдын алу жолдары туралы айтып, бұл ауруды ерте анықтау арқылы емдеуге болатынына тоқталды. Ол қыз-келіншектерге айына бір рет өз-өздерін тексеріп тұруға және қандай да бір жайсыздық байқалса, бірден дәрігерге жүгінуге кеңес берді. Бұдан бөлек, жатыр мойны обырынан сақтану қажеттігі де сөз болды. Оған қарсы екпе салу бүгінде жолға қойылғаны белгілі.
Дәрігерлердің барлығы қауіпті ауруларды ерте анықтаудың ең басты жолы – тұрақты түрде тексерістен өтіп тұру екенін атап өтті. Сонымен бірге скрининг уақыты келгенде одан міндетті түрде өту қажеттігі айтылды.






















