Игі істер жылуы
23.10.2025
«Богатырь Көмір» компаниясы тағы да ізгілік пен мейірімнің үлгісін көрсетті. Бұл жолы Павлодар және Екібастұз епархиясына қарасты Петропавл әйелдер монастырына 60 тонна көмір бөлді.
Монастырь аумағындағы төрт бірдей ғимарат – шаруашылық жайлар, қонақтарға арналған үй, монах әйелдер тұратын корпус және ғибадатхана – барлығы да дәл осы көмірдің жылуымен жылынып отыр.
Монастырьдың басшысы, Серафима компания ұжымына шынайы алғысын білдірді:
«Құдай сіздерді сақтасын. Біз күн сайын «Богатырь» кенішінің қызметкерлері үшін дұға етеміз. Сіздердің көмірлеріңіздің арқасында монастырьда жылу мен тыныштық орнады. Біздің от жағушы Игорь Екібастұз көмірін ерекше мақтайды: жылуы жоғары, таза жанады, ұзақ уақыт бойы тұрақты жылу береді. Осындай көмектеріңіз үшін жүректен алғыс айтамыз, біз де сіздер үшін әрдайым дұға етеміз».
«Богатырь Көмір» ЖШС бірнеше жылдан бері Павлодар ауылындағы бұл қасиетті орынға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Компания тек ғимараттардың ішінде ғана емес, адамдардың жүрегін де жылытуды мақсат тұтады.
Монастырьдан бөлек, биылғы жылы Жандарбек мешіті (Ақтоғай ауылы), Исабек ишан кесенесі, Исабек ишан мешіті (Ақкөл ауылы) және Шідерті кентіндегі мешіт те кәсіпорынның қайырымдылық көмегіне ие болды.











