Біз экологияны қолдаймыз
18.10.2025
«Богатырь Көмір» – таза әрі жасыл Қазақстан үшін!
 18 қазан күні «Богатырь Көмір» ЖШС қызметкерлері Мемлекет басшысы бастамасымен және «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қолдауымен өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты.
Осы күні біздің кеншілер «Б. Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС, «Екібастұз 2-МАЭС станциясы» АҚ және «Energy Solutions Center» ЖШС (Екібастұз ЖЭО) энергетиктерімен бірлесе отырып, жаппай ағаш отырғызу іс-шарасын өткізді.
 Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті дамыту, қалаларды көгалдандыру және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауды қалыптастыру.
 Іс-шараға кәсіпорынның бас директоры Евгений Мастернак бастаған 200 қызметкер қатысып, көшеттерді отырғызып, суарды. Қатысушылар ұйымшылдық танытып, өңірдің экологиялық болашағына бейжай қарамайтындықтарын көрсетті.
 Техникалық дирекцияның өкілі Ербол Тұрғанов:
 «Бұл шараға көтеріңкі көңіл-күймен қатысып жатырмыз. «Таза Қазақстан» акциясы бізге шабыт сыйлауда. Біз таза экологияны қолдаймыз!» – деп атап өтті.
 БЖКБ №1 жол учаскесінің жол шебері Қапар Қайсар:
 «Қазақстанымызды, соның ішінде туған қаламызды гүлдендіруге өз үлесімді қосып жатқанымды зор мақтаныш санаймын», – десе,
 ТКЖЖ зауытының слесары Мирас Қапаров:
 «Бұл экологиялық шара – елімізге, қаламызға нақты пайда әкелетін игілікті бастама. Осындай шараларға қатысу – азаматтық парызымыз», – деп өз қолдауын білдірді.
 
 Осы күні кеншілер мен энергетиктердің күшімен жалпы 4000 түп ағаш көшеті отырғызылды. «Богатырь Көмір» ұжымы экологиялық жауапкершілікті жоғары қоя отырып, Қазақстанды жасыл елге айналдыру жолында нақты үлесін қоса бермек!























