Жаңа бас директор
14.10.2025
13 қазанда, «Богатырь Көмір» ЖШС-нің жаңа бас директорының ресми түрде таныстыру рәсімі өтті.
«Самұрық-Энерго» АҚ даму жөніндегі тең басқарушы директоры және «Forum Muider Limited» директорлар кеңесінің төрағасы Азамат Тақабаев ұжымды компанияның жаңа басшысы Евгений Мастернакпен таныстырды.
Азамат Тақабаев Қайрат Рғайбекке кәсібилігі, жауапты басшылығы және көмір саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғысын білдіріп, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы атынан Алғыс хат табыстады.
Қаржы және құқық саласында жоғары білімі бар, сондай-ақ Лондон жоғары бизнес мектебінің MBA дәрежесіне ие Евгений Мастернак стратегиялық басқару мен бизнесті дамыту саласында мол тәжірибе жинақтаған.
Өзінің ұжымға арнаған сөзінде ол Қазақстандағы ең ірі әрі әлемге танымал көмір өндіруші кәсіпорындардың бірін басқару – өзі үшін зор мәртебе екенін атап өтті. Сондай-ақ, компанияның тұрақты және қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету бағытын табысты жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
«Мен «Богатырь» кенішін мектеп жылдарында-ақ оқулықтардан Қазақстанның інжу-маржаны ретінде таныдым. Бүгін бұл кәсіпорынды басқару – мен үшін үлкен құрмет пен зор жауапкершілік. Әрқайсыңыздан мен бір ғана нәрсені – өз кәсіпорнымызды сүюді, ортақ нәтижеге немқұрайлы қарамауды күтемін», – деп атап өтті Евгений Мастернак.
















