Қорытынды кездесу

10.10.2025

Қайрат Рғайбек «Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры өкілеттігінің аяқталғаны туралы хабарлады.

10 қазанда ол бас кеңсе кабинеттерін аралап, қызметкерлердің еңбектері мен кәсібилігі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ конференц-залда құрылымдық бөлімшелер басшыларымен кездесу өткізіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жайында ой бөлісті.

«Біз қысқа уақыт ішінде де ауқымды жұмыстар атқардық деп мақтанышпен айта аламын. Шахтер күні мерекесінде кәсіпорын қызметкерлеріне еңбекақысының 100% көлемінде сыйақы берілді. Себебі компаниядағы барлық жетістіктер – ең алдымен еңбеккерлердің табанды еңбегінің нәтижесі», – деп атап өтті Қайрат Рғайбекұлы.

Ол сондай-ақ өндірістік көрсеткіштерге де қысқаша тоқталып өтті. Оның айтуынша, қатқабаттардағы көмір қоры жыл басында 280 мың тонна болса, бүгінде 890 мың тоннаға жеткен. Сонымен қатар тау-кен техникасын жаңарту және оны күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жалғасуда.

Кездесу барысында ол қолға алынған жобаларды аяқтаудың маңыздылығына тоқталды. Әсіресе басты міндет – циклдік-толассыз технология кешенін толық көлемде іске қосу, ал негізгі мақсат – өндірістік және өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру екенін атап өтті.

«Богатырь Көмір» компаниясының еңбеккерлері табысты еңбек етіп, әр күннің соңында үйлеріне аман-есен оралулары тиіс. Кәсіпорын одан әрі дамып, жаңа биіктерді бағындыра берсін. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасылық береке және кәсіби жетістіктер тілеймін», – деп түйіндеді Қайрат Рғайбекұлы.


Жаңалықтар тізіміне оралу