Танымдық экскурсия

09.10.2025

Жастардың танымын кеңейту және бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің (РҚБ) бастамасымен «Жас ұрпақ» жастар үйінің тәрбиеленушілері мен Торайғыров университетінің студенттері «Богатырь Көмір» ЖШС-не экскурсиямен келді.

Алдымен қонақтар оқу-курстық комбинатында болды. Мұнда оларға шағын естелік сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, «Сенімен болашақ» РҚБ Павлодар облыстық филиалының басшысы Перизат Құрманәлі көрсеткен қолдауы мен жылы қабылдауы үшін алғысын білдіріп, кәсіпорынға Алғыс хат табыс етті.
Жастар Екібастұз көмір кен орнының және «Богатырь Көмір» ЖШС-нің тарихымен Еңбек даңқы залында танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Бұдан кейін оларды әлемдегі ең ірі көмір кеніштерінің бірі – «Богатырь» кеніші қарсы алды.
Торайғыров университетінің студенті, Моңғолия азаматы Аллаберген Аманбек алған әсерімен бөлісіп: «Өмірімде мұндай ауқымды көмір кенішін алғаш рет көріп тұрмын. Бұған дейін тек ғаламтордан суреттерін көріп, оқығанмын, бірақ өз көзіңмен көру – мүлде басқа әсер екен», – деді.
Ал «Жас ұрпақ» жастар үйінің тәрбиеленушісі, болашақ аспаз-кондитер Дмитрий Ткачёв кеніштегі әсерін үш-ақ сөзбен жеткізді: «Супер! Мықты! Жігер береді!»
Сапар барысында қонақтарға компанияда сұранысқа ие мамандықтар мен жас мамандарды қолдау бағытындағы бағдарламалар туралы да толық ақпарат берілді.


Жаңалықтар тізіміне оралу