«Богатырь» кенішінде батырлар

08.10.2025

Бүгін, 8 қазанда, «Богатырь» кеніші «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» республикалық қоғамдық бірлестігінің IV конференциясына қатысушыларды қарсы алды.

Қазақстанның Халық қаһармандары мен Еңбек Ерлерін қоғамдық бірлестік төрағасы, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев бастап келді.

Қонақтар «Богатырь» кенішінің және Циклдік-толассыз технология кешенінің көру алаңдарында болып, кәсіпорынның тарихымен, қазіргі өндірістік көрсеткіштерімен және көмір өндіру технологиясымен танысты.

«Керемет! Павлодар облысына, Екібастұз қаласына алғаш рет келуім. Көмір не екенін білеміз, бірақ оның қалай өндірілетінін білмеппіз. Бүгін бәрін өз көзіммен көріп, танысқаныма қуаныштымын», – деп атап өтті Орал қаласынан келген ұлағатты ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері Эльмара Траисова.

«Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» РҚБ Павлодар облыстық филиалының басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Рышат Әміреновтың айтуынша, қоғамдық бірлестік жастарға патриоттық тәрбие беру, еңбек адамының мәртебесін арттыру және басқа да маңызды бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Көмірлі кенішпен, өндіріс үдерісімен танысқан Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев:

«Осының бәрін көріп, кеудемде мақтаныш оты жанды. «Богатырь» – Қазақстанның мақтанышы. Бұл жерде еңбек етіп жүргендердің бәрі – батырлар», – деп кеншілер ұжымына табыс тіледі.

Осыдан соң құрметті қонақтар Баянауылға жол тартып, академик Қаныш Сәтбаевтың музейіне және Мәшһүр Жүсіптің кесенесіне ат басын тірейді. Соңында Павлодар қаласында өтетін «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» республикалық қоғамдық бірлестігінің IV конференциясына қатысады.


Жаңалықтар тізіміне оралу