«Богатырь» - тазалықты қолдайды
26.09.2025
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында қаламызда 20 қыркүйек – 20 қазан аралығында санитарлық тазалық және абаттандыру айлығы өткізілуде. Қала құраушы кәсіпорын ретінде бұл шараға «Богатырь Көмір» ЖШС ұжымы да белсенді атсалысуда.
Бүгін таңертеңнен бастап Қонаев көшесінің бойында әріптестеріміз тазалық жұмыстарын қолға алды. Кеншілер қураған ағаш бұтақтарын, түскен жапырақтарды, қоқыстарды жинап, көшенің көркін келтірді.
– Мұндай тазалық жұмыстары өте қажет. Екібастұз – біздің қаламыз, сондықтан оны таза ұстау – бәріміздің міндетіміз, – деді пойыз құрастырушысы Сергей Мороз.
Бұл пікірге акцияға қатысушылардың барлығы да қосылды. Өйткені осында өмір сүріп, еңбек етіп жатқан соң, қаламыздың тазалығына әрқайсымыз жауаптымыз.