Тіл-ұлттың тірегі
25.09.2025
«Богатырь Көмір» ЖШС-нің мемлекеттік тілді дамыту бөлімі Қазақстан халқы тілдері күніне арналған шараларын, тек 5 қыркүйекте ғана атап өткізбей, бір ай бойы өткізді.
Айлық барысында қазақ тілін үйренушілер үшін көрнекі сабақтар ұйымдастырылып, құрылымдық бөлімшелерде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларын оқудан челлендж өтті. Сонымен қатар «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы да ерекше қызығушылық тудырды.
Атқарылған іс-шаралардың қорытындысы ретінде 25 қыркүйекте бас кеңсенің конференц-залында «Тіл – ұлттың жаны» атты салтанатты кеш өтті. Оған мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының мүшелері құрметті қонақ ретінде шақырылды.
Кеште «Узловая» станциясының операторы Юлия Власенко қазақ тілін жақсы меңгергенін көрсетіп, мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің басшысы Манар Ерботинаның мемлекеттік тілде қойған сауалдарына еркін жауап берді. Сонымен бірге Манар Амантайқызымен бірлесіп әлем тілдері туралы қызықты деректерді жиналған қауымға қазақ тілінде таныстырды. Әріптестеріміздің мемлекеттік тілге деген ықыластары арнайы дайындалған бейнероликтер арқылы да көрсетілді.
Компанияның бас директоры Қайрат Рғайбек құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік тілді қолдау және дамыту жұмыстарының одан әрі жалғасатынын атап өтті. Ол қазақ тілін үйренуге ниет білдірген барлық қызметкерлерге алғысын жеткізді.
Айлықтың өтуіне атсалысып, белсенділік танытқан әріптестеріміз осы күні бас директордың Алғыс хаттарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Құрметті қонақтарға да арнайы сый-сияпат ұсынылды. Мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, қаламыздың құрметті азаматы Жеңіс Шанаққызы компания басшылығына қазақ тілін дамытуға қосып отырған үлесі үшін алғыс білдірді.
Сонымен бірге Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Жанар Тоқсамбаева айлықты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Манар Амантайқызына Алғыс хат табыстады.
Мерекелік кештің шымылдығы Ольга Губарева, Еділ Мінайхан және Нұрқанат Ырыстың тамаша әндерімен түйінделді.