Жылу сыйлаймыз

20.09.2025

Екібастұз өңіріне қарасты Ақкөл ауылдық округіндегі Исабек ишан кесенесі Қазақстанның киелі орындар тізіміне енгізілген. Осы тарихи-мәдени кешенді жылыту мақсатында «Богатырь Көмір» ЖШС қайырымдылық көмек ретінде 50 тонна көмір бөлді.

Айта кету қажет, кешен аумағында намазхана, асхана, қонақ үй, шырақшының үйі және ауыз суды сорып, тазалайтын қондырғы (КБМ) бар. Аталған нысандардың барлығы жылдың суық мезгілінде көмірмен жылытылады. Жалпы жылытылатын аумақтың ауданы – 670 м². Бүгінде бөлінген көмір толықтай тасылып, жеткізілді.

«Өткен жылыту маусымында 80 тонна көмір жағылды, «Богатырь Көмір» ЖШС бөлген 50 тонна көмір үшін зор алғысымызды білдіреміз. Компания еңбеккерлеріне табыс тілейміз, көрсеткен көмектеріңіз үшін рақмет», – деп ризашылығын жеткізді кесене шырақшысы Ерғали Абсаттаров.

«Богатырь Көмір» ЖШС дәстүрлі діни мекемелерді қолдауды тұрақты жалғастырып келеді. Биыл, мысалы, қалалық мешіттің асханасын толық жөндеуден өткізу үшін қаржылай қолдау көрсетті.

Компания үшін қайырымдылық пен рухани құндылықтарды дәріптеу – қоғам алдындағы жауапкершіліктің маңызды бөлігі.


Жаңалықтар тізіміне оралу