Пайдалы кездесу
19.09.2025
Бүгін, 19 қыркүйекте, «Богатырь» кенішінің ӘТК-де ақпараттық-түсіндірмелік тобының мүшелерімен кездесу өтті.
Алдымен «Amanat» партиясының Екібастұз қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мариям Мәлікова аманаттықтар қатарына жаңадан қосылған Евгений Алексеевке, Алтынбек Салимовке, Серік Әділбекке партиялық билеттерді табыс етті.
Сонымен қатар, Мариям Дәулетбекқызы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8 қыркүйекте жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі тезистеріне тоқталды және қаламыздың дамуына ықпал ететін инвестициялық жобалар мен абаттандыру жұмыстары жөнінде де ақпарат берді.
Кездесуде Екібастұз қаласының конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының теологы Дидар Сальманов дәстүрлі дін мен деструктивті діни ағымдар тақырыбында дәріс оқыды. Ал Екібастұз қалалық полиция басқармасының өкілдері тұрғындарды белең алып отырған интернет-алаяқтықтан сақтануға шақырды. Олардың айтуынша, қалада жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 239 дерегі тіркелген. Әсіресе, жеткіншектерді «дропперлікке» жоламауға үндеді. 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Осыған байланысты ата-аналарға балалардың телефондарын, әлеуметтік желілердегі парақшаларын қадағалап отыруға кеңес берілді.