Үздік еңбек әулеті
16.09.2025
«Богатырь Көмір» ЖШС-нің мақтанышы – Тұрсынбаевтар отбасы облыстық «Мерейлі отбасы-2025» байқауының жеңімпазы атанды. Жалпы еңбек өтілі 219 жылды құрайтын әулет 12 қыркүйекте өткен байқауда Павлодар облысының барлық қала-аудандарынан қатысқан 13 отбасының ішінен оза шауып, жеңіске жетті.
Отбасы отағасы – «Богатырь Көмір» ЖШС Теміржол жабдықтарын жөндеу дирекциясының бас технологы Сейфула Тұрсынбаев, отанасы – «Богатырь Көмір» корпоративтік қорының атқарушы директоры Айгүл Тұрсынбаева. Екеуі де еңбекке адалдығымен танылған, түрлі марапаттардың иегері. Отау құрғандарына 40 жыл толған Сейфула мен Айгүл төрт бала тәрбиелеп, жеті немере-жиен сүйіп отыр. Ұлы Фарид, қызы Даяна мен оның жұбайы Александр, келіні Гүлнәр бүгінде «Богатырь Көмір» ұжымының бір бөлшегі болып отыр. Бұл әулеттің өнегелі ісі болашақ ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Енді Тұрсынбаевтар отбасы Республика күні қарсаңында қазан айында өтетін «Мерейлі отбасы» республикалық байқауында Павлодар облысының намысын қорғайды. Осы тамаша әулетке шын жүректен сәттілік пен табыс тілейміз!