Жаңа импульс
12.09.2025
Бүгін, 12 қыркүйекте компания бас кеңсесінің конференц-залында «AMANAT» партиясы Екібастұз қалалық филиалының «Богатырь Көмір» ЖШС-дегі бастауыш партия ұйымының отырысы өтті.
Жиынды бастауыш ұйымның төрағасы Серік Саттаров ашып, іс-шараға қатысқан қалалық филиалдың атқарушы хатшысы Мариям Мәлікова екібастұздық аманаттықтардың қызметі мен партиялық жобалардың жүзеге асу барысына тоқталды.
Олардың бастамасымен 31-шағын ауданда балабақшаның және №21 ЖОББМ жанындағы хауыздың ұзақ жылдар бойы бос тұрған ғимараттарын қалпына келтіру жұмыстары басталған. «Баланы мектепке дайындайық» жобасы аясында «Богатырь Көмір» ЖШС қызметкерлерінің көпбалалы отбасыларында тәрбиеленіп жатқан 31 балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтар табысталды.
«Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүгедектігі бар жандарға қолдау көрсетілуде. Меморандум бойынша компания сондай жандар тұратын көпқабатты тұрғын үйлерінің кіреберістеріне пандустар орнату жұмыстарын жалғастыруда. Өткен жылы бұл мақсатқа 6 млн теңге бөлініп, 38 пандус орнатылған. Биыл да осындай көлемде қаржы бөлу жоспарлануда.
Серік Зүкенұлы бастауыш ұйым ай сайын жиын өткізетінін атап өтіп, жыл соңына дейін Қарттар күні мен Республика күніне орай іс-шаралар ұйымдастырылатынын, сондай-ақ Республика күні қарсаңында еңбек ұжымының ішінен өтініш бергендерді «AMANAT» партиясы мүшелігіне қабылдау жүргізілетінін жеткізді.
Өз кезегінде Мариям Дәулетбекқызы бастауыш партия ұйымының белсенділігін арттыру қажеттігін атап өтіп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.