Бағы жанғандар
03.09.2025
Шахтер күніне орай «Богатырь Көмір» ЖШС қызметкерлері арасында 27 тамызда әлеуметтік желілердегі корпоративтік парақшаларда өткен онлайн-ұтыс ойыны үлкен қуаныш сыйлады.
Онда бас жүлде ретінде бес автокөлік ойнатылса, бұдан бөлек күнделікті тұрмысқа қажетті 200-ден астам бағалы сыйлық өз иелерін тапты. Жүлделер қатарында тоңазытқыштар, мұздатқыштар, теледидарлар, су жылытқыштар, заманауи гаджеттер, ақшалай сертификаттар және басқа да көптеген пайдалы техника бар. Оларды табыстау1-3 қыркүйек аралығында жүргізілді.
Энергиямен жабдықтау дирекциясының электр слесарі Евгений Гибадуллин теледидар ұтып алды. Бұл – оның компанияда еңбек еткен бес жылдағы алғашқы жеңісі. «Әрине, көлік ұтып алуды армандадым. Дегенмен теледидар да мен үшін үлкен олжа, қатты қуаныштымын», – деп бөлісті ол әсерімен.
ТКЖЖ зауытының өндірістік жайларын тазалаушысы Олеся Ухина да өз жеңісіне таңғалғанын жасырмады. «Ұтыстан ештеңе күтпеген едім. Жеңімпаз болғанымды әріптестерім құттықтаған кезде ғана білдім. Маған бұйырған вафли пісіргіш те қуаныш сыйлады», – дейді ол.
Автобазаның №2 АТЦ механигі Нұрлан Қойлыбаев су жылытқыш ұтып алып, қуанышын жасыра алмады.
«Үйде біреуі бар еді. Енді мынау үшін тағы бір үй алу керек шығар. Осы олжа соған ынталандырсын», – деп әзіл-қалжыңын қосып, ризашылығын білдірді Нұрлан Ерболатұлы.
Ал №3 АТЦ автокөлік жүргізушісі Сәукен Сейілханов та алғаш рет жүлдеге ие болды. Оған шаңсорғыш бұйырды. Кәсіпорында 5 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ол да алған сыйлығына дән риза екенін жеткізді:
«Шаңсорғышқа қуаныштымын, Аллаға шүкір. Үйде бар, енді мұны балаларыма сыйлаймын», – деді ол.