Құрмет пен қошемет
29.08.2025
2025 жылғы 29 тамызда MerAman мейрамханасында «Богатырь Көмір» ЖШС қызметкерлері мен компанияның құрметті қонақтары үшін Шахтер күніне арналған салтанатты кеш өтті.
Шара барысында «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов жылы лебізін білдіріп, кеншілерге шынайы алғысын және ақжарма тілектерін жолдады. Сондай-ақ, кеш қонақтары Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің жүрекжарды құттықтауын тыңдады. Бұл құттықтауды «Самұрық-Энерго» АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Руслан Тургамбаев көпшілік назарына жеткізді.
Кештің құрметті мейманы – «Самұрық-Энерго» АҚ даму жөніндегі тең басқарушы директоры, «Forum Muider LTD» директорлар кеңесінің мүшесі Азамат Тақабаев еңбек адамдарына деген ерекше құрметін білдіріп, шахтер мамандығы мен оның маңызын жүрегімен сезінетінін атап өтті.
Осы кеште алғаш рет еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған 5С жүйесін белсенді түрде енгізіп, озық үлгі көрсеткен өндірістік бөлімшелердің марапаттау рәсімі өтті. Бұл салтанатты рәсімді Өндірістік жүйені дамыту жөніндегі директор Нұржан Батырханов жүргізді.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин «Богатырь Көмір» ЖШС-нің еліміздің көмір өнеркәсібі мен энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі сүбелі үлесін ерекше атап өтіп, компания басшыларына алғыс хаттар табыстады.
Компания қызметкерлерінің шығармашылық нөмірлері мен қала өнерпаздарының әсерлі өнер көрсетулері кештің көркін енгізіп, мерекелік көңіл күй сыйлады.
«Богатырь Көмір» ЖШС-нің ең басты байлығы – оның адамдары мен олардың адал еңбегі екенін осы кеш тағы бір дәлелдеді.