Еңбек пен талант шоу
26.08.2025
Бүгін «Богатырь» кенішінің әкімшілік-тұрмыстық кешенінде Шахтер күніне арналған салтанатты шара өтті.
«Богатырь Көмір» ЖШС-нің бас директоры Қайрат Рғайбек кеншілерді құттықтап, олардың көзге түскендеріне I дәрежелі «Еңбек Даңқы» және «Шахтер Даңқы» белгілерін табыстап, жемісті еңбек, қауіпсіз жұмыс және береке тіледі.
Бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Сергей Усик биыл көмір өндіру көлемі жоспарға сай орындалып келе жатқанын жеткізді. Ол сондай-ақ ескі технологиялардың орнына жаңа тәсілдер енгізіліп, ірі жобалар іске асырылып жатқанын, мұның барлығы мыңдаған кеншілердің еңбегінің жемісі екенін айтты.
Компанияның 2025 жылғы үздік қызметкерлерін бас директордың инвестициялар, даму және IT-GR жөніндегі орынбасары Дәурен Асылханов марапаттады. Екібастұз қаласы мәслихатының төрағасы Нияз Макраев та кеншілерге алғыс пен құттықтау сөздерін арнап, қалалық мәслихаттың құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын табыс етті. Марапаттау рәсімін жеке құрам және әлеуметтік саясат жөніндегі директоры Нұрлан Мукулов «Казэнерджи» қауымдастығы мен «Самрұқ-Энерго» АҚ-ның құрмет грамоталарын тапсырумен аяқтады.
Өнерден кенде емес кеншілер бұл күнге арнап креативті әрі жарқын шоу дайындады. Сахнада танымал хиттер мен авторлық әндер шырқалып, домбыра мен скрипканың құйқылжыған әуендері көрерменді ерекше баурап алды. Жалт-жұлт еткен жарқыраған костюмдер киген қыздар мен батырлардың биі ерекше әрі есте қаларлықтай болды.