Ардагерлерге құрмет
20.08.2025
Бүгін, 20 тамыз күні, «Богатырь Көмір» ЖШС бар саналы ғұмырын көмір өнеркәсібіне арнаған ардагерлеріне құрмет көрсетті. Кеуделері мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға толы 90 ардагер мерекелік дастарқан басына жиналып, ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісін паш етті.
Компания бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Сергей Григорьевич Усик құттықтау сөзінде: «Шахтер күні биыл 77-ші рет аталып өтуде. Бұл мереке – кеншілер мен шахтерлер еңбегіне деген құрметтің белгісі. Бүгінгі ұрпақ сіздердің ерен еңбектеріңізді жалғастыруда. Соның арқасында биыл біз 45 млн тонна көмір өндіреміз деп жоспарлап отырмыз. Баршаңызға шын жүректен алғыс айта отырып, кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға амандық тілеймін», – деді.
Мерекелік дастарқан көңілді концерттік бағдарламамен ұштасты. Қаламыздың өнер ұжымдары би билеп, кәсіпорынның өнерлі жастары жүрек тербеткен әсем әндерін тарту етті.
Шара барысында «Богатырь Көмір» корпоративтік қоры атқарушы директорының орынбасары Айгүл Тұрсынбаева да сөз алып, ардагерлерге ізгі тілегін жеткізді. Ардагерлер атынан да алғыс пен ақжарма құттықтаулар айтылып, өнегелі өсиет, ақ баталар ақтарылды. Бір-бірімен шүйіркелесіп, өткен күндерді еске алған ардагерлер әсем әуенге билеп те көңіл көтерді. Осылайша, шахтерлердің басты мерекесіне арналған іс-шара ардагерлерге деген құрметпен басталып, өткен мен бүгінді, дәстүр мен болашақты жалғаған ізгілікке толы кешке айналды.
Қымбатты ардагерлер! Сіздерге зор денсаулық, бақ-дәулет және ұзақ ғұмыр тілейміз!