Жаяу Мұсаның 190 жылдығы

16.08.2025

2025 жылғы 15–16 тамыз күндері Баянауыл ауданының көрікті Мойылды шатқалында қазақ халқының ұлы композиторы, дара дауысты әнші, ардақты қоғам қайраткері Жаяу Мұсаның 190 жылдығына арналған кең ауқымды мерекелік шаралар дүркіреп өтті.

Елдің түкпір-түкпірінен жиналған жүздеген қонақтар мен қатысушылар бұл рухани тойда бас қосып, ұлттық мәдениетке, төл тарихқа деген терең тағзым мен берік бірліктің айрықша үлгісін көрсетті.
Осынау игі бастаманы жүзеге асыруда «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зор абыроймен қолдау білдіріп, мерекенің мазмұнды өтуіне сүбелі үлес қосты.
Киелі дәстүріміздің нышанындай ұлттық нақышпен безендірілген әсем киіз үйлер тігіліп, жиналған жұрт қазақы қонақжайлықтың шынайы шуағына бөленді. Келген қадірлі меймандарға арналып жайылған дастарқаны – сыйластық пен ризашылықтың шынайы көрінісіне айналды.
Мерекенің шарықтау шегі – ата-бабаларымыздан мирас болған ат жарыс болды. Осы дүбірлі доданың жеңімпазына «Богатырь Көмір» ЖШС-і тарапынан қомақты ақшалай сыйлықтар мен автокөлік табысталды. Бұл – тек спорттық жетістік емес, сонымен бірге халқымыздың ерлік пен ептілікке, дәстүр мен тәрбиеге негізделген рухани мұрасын ұлықтаудың жарқын көрінісі еді.
«Богатырь Көмір» компаниясы ел руханияты мен мәдени мұрасының дамуына үлес қосу арқылы тарих алдындағы перзенттік парызын адал атқарып келеді. Өйткені өткенге тағзым – келешекке нық қадам басудың негізі, ұлт болашағының берік тұғыры.


Жаңалықтар тізіміне оралу