Ақкөлдің 90 жылдығы
04.08.2025
3 тамыз күні Ақкөл ауылы өзінің 90 жылдық мерейтойын кең ауқымда атап өтті. Ақкөл – ежелгі Ақкөл-Жайылма қалашығы, Исабек ишан хазреттің кесенесі орналасқан қасиетті мекен.
Бұл атаулы күн ауыл тұрғындары мен алыстан арнайы келген қонақтарды бір арнаға тоғыстырған рухани, жылы әрі қуанышты мерекеге айналды.
Осы айтулы шараға өңірдің жетекші кәсіпорны – «Богатырь Көмір» ЖШС де белсене атсалысты. Арнайы ұйымдастырылған этноауыл аумағында Компанияның екі бірдей киіз үйі тігілді. Онда келген қонақтарға ақ дастархан жайылып, ерекше құрмет көрсетілді. Айта кету керек, кәсіпорын қызметкерлерінің арасында Ақкөл ауылында дүниеге келіп, өсіп-жетілген жандар аз емес.
Мерекелік сахнада ел дамуына сүбелі үлес қосқан ақкөлдіктерге құрмет көрсетіліп, түрлі марапаттар табысталды. Кештің көркін Павлодар облысының өнерпаздары мен Қазақстан эстрадасының жұлдыздары өнер көрсеткен концерттік бағдарлама аша түсті.
Мерекелік шарада ұлттық спорт түрлеріне де айрықша көңіл бөлінді. Көпшілік көкпар, тай жарыс, құнан бәйге, тоқ бәйге және аламан бәйгені тамашалап, қазақтың дәстүрлі бәйге рухын сезінді.
Ақкөл – тарихы терең, бірлігі бекем, тағылымы мол қасиетті мекен.